Түркістанда аяғын шалыс басқандарға көмек көрсетіледі

453

Түркістанда «Пробация үйі» ашылды. Енді аяғын шалыс басып, темір торда жазасын өтеп шыққандар осы жерден құқықтық көмек ала алатын болады, деп хабарлайды inform.kz.

Дағдарыстық орталық Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» тапсырмасы аясында бой көтеріп отыр. Игі бастамаға жергілікті билік пен облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті ұйықты болып отыр.

Орталықта сотталғандарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетілмек. Жоба аясында жазасын өтеп шыққандар қоғамға қайта бейімделіп, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрмек. Сондай-ақ құжаттарын рәсімдеп, жұмысқа орналасады. Пробация үйінде 10 мекеменің қызметкерлері мен заңгер құқықтық кеңес беретін болады.

Одан бөлек, нарколог, психолог сияқты мамандар мен аудандық емхана, аурухана дәрігерлері медициналық тексеруден өткізеді. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары да айына 2 реттен келіп, жұмыс жүргізбек. Айта кетейік, оңтүстік өңірінде мұндай мекеме Шымкент пен Кентау қалаларында, Отырар мен Шардара аудандарынан ашылған.