Залы жалға берілетін мекемелер

531

Театрлар, мекемелер өз залдарын жалға бере ме? Жалға беру ақысы қалай есептеледі? Жалға берілмесе, себебі қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін әрбір мемлекеттік мәдени мекеме басшылығына сауал жолдадық. Жауап төмендегідей болды.

Сауалымызға жауап бергеннің бірі Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы Назарбек Нышанбекұлы болды. Оның айтуынша мемлекеттік-коммуналды қазыналық кәсіпорнының Жарғысына сәйкес театр залы мынадай іс-шаралар өткізілу үшін жалға берілмейді:

Облыстық, республикалық және халықаралық ауқымды мәдени бұқаралық, қоғамдық-саяси іс-шаралар мен мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысындағы іс-шаралар сондай-ақ, ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендерді және мүгедектерді мәдени, рухани қолдау мақсатында өткізілген іс-шаралар мен қайырымдылық акциялар коммерциялық мақсатты көздемеген (билет сатылмаған) жағдайда ұйымдастырушылармен бірлесіп өткізуге тікелей қатысу қызметі ақысыз негізінде асырылады,-дейді ол.

Мұнда ескере кетер бір жағдай, театр залын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде немесе өзге де қорлардан, сондай-ақ, жеке азаматтардың қолдауымен қаржыландырылатын халықаралық, республикалық, облыстық қоғамдық ұйымдар, қорлар, Ескертпе бірлестіктер ақысыз қызмет көрсетуді пайдалана алмайды екен. Ал облыстық Әзіл-сықақ және сатира театрының залы мүлдем жалға берілмейді-міс. Бұл туралы театр директоры.

Қайрат Жайлауұлы айтты. «Мұндағы басты себеп – театрдың көрермен залы және сахнасы бұрынғы кинотеатрдың жоспары бойынша қалған. Әрі кішкентай. Сол себепті театрдың көрермен залында қойылым премьералары, қазір жүріп жатқан қойылымдар, қойылымның дайындық жұмыстары, және әртістердің арнайы би, вокал сабақтары барлығы да жүзеге асырылады. Сондықтан жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты көрермен залын жалға бере алмаймыз» деген директордың сөзінше, мұнда жылына шамамен сахнада 280-ге жуық спектакл қойылады.

Облыстық опера және балет театры.

«Біз өзіндігімізден театр залын жалға бермейміз. Ал ғимаратта өткізілетін іс-шаралар ОҚО Қаржы басқармасымен келісіліп өткізіледі. Көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы ОҚО Мәдениет басқармасымен жыл басында бекітіледі. Іс-шараның ауқымына қарай баға реттеледі», – дейді театр басшысы Әбдіхан Нұрмаханбетов.
Осыдан бірнеше жыл бұрын екі күннің бірінде ауқымды іс-шаралар мен концерттерден залы босамайтын «Оңтүстік цирк» мекемесінің залында бүгінгі күнде өз іс-шараларынан бөлек, жиын мүлдем өтпейтін көрінеді. Оның себебін мекеменің директоры Арман Әлиев былай деп түсіндірді.

«Бұрындары цирктің залында жалға концерттер жиі болатын. Түркістан сарайы өз жұмысын бастағалы бері бізде мүлдем концерт болмайды» деген ол цирк бағдарламаларының сағаты 125 мың теңге тұратынын да айтып өтті.
Айтуынша бұл сома облыстық Мәдениет басқармасының бұйрығымен бекітілген. Ал өткен жылы цирк залында жалпы саны 78 концерт өтіпті. Биыл ұжым қызметкерлері концерт санын 100-ден асыруды жоспарлап отыр.

– Облыстық Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің залы жалға беріледі,-дейді орталық басшысы Береке Талғатұлы.

«Біздің ғимараттың залы облыстық Қаржы басқармасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №527 бұйрығының негізінде мүліктік жалға беріледі. Мекеменің үлкен залын кез келген жеке кәсіпкер және кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облыстық Қаржы басқармасымен құрылған келісім шарт негізінде жалға алады. Оңтүстік Қазақстан облысы қаржы басқармасымен ғимараттың электр қуаты, су, кәріз және жылу жүйелерімен қамтылған жалпы алаңы 824,7 шаршы метр тұрғын емес жайға сәйкес белгіленген қаржыны облыстық бюджетке төлеу арқылы жүзеге асырылады», – деген Дүйсебеков мекеменің үлкен залы кімдерге тегін берілетіндігіне де тоқталды.
Айтуынша, зал мемлекеттік мекемелерге, аудан қалалық Жастар ресурстық орталықтары жоғары және орта арнаулы оқу орындарының іс-шараларына тегін беріледі екен. Айта өтсек, орталықтың үлкен залында Облыстық Жастар ресурстық орталығының жоспарлы және жоспардан тыс ұйымдастыруымен орта есеппен айына шамамен 20, жылына 250 іс-шара өткізіледі. Ал, өзге мекемелердің ұйымдастыруымен айына шамамен 8-10, жылына 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады.

Облыстық қуыршақ театры Театр залы жалға берілмейді. Театрда қазақ және орыс труппасы жұмыс жасағандықтан жаңа қойылымдар сахналанады, дайындық жұмыстары (репетиция) жүргізіледі. Әр аптаның жексенбі күні қала жұртшылығына арнап қазақ және орыс тілдерінде қойылым көрсетіледі.

Биыл 35 қайырымдылық іс-шаралар көрсету жоспарланып отыр. Бәрі де балалар үйлері, бөбектер үйі, көмекші мектеп-интернаттар, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, облыстық жүйке аурулары диспансері, облыстық оңалту орталығы, «Демеу», «Ари» қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен Төлеби, Сайрам ауданының мүгедек балаларына, «Алтын жүрек» қайырымдылық акциясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналады. Айына шамамен 3-4 қайырымдылық қойылым көрсетіледі.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінге дейін көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып олардың сәтті өтуіне үлестерін қосып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 15 наурыздағы №212 бұйрығына сәйкес облыстық Қаржы басқармаса арқылы есептеліп сұраныс негізінде жалға беріледі.

Бұдан бөлек ғимарат мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге және этномәдени бірлестіктерге тегін пайдалануға ұсынылады. Облысымызда тұратын барлық этностардың тілдері мен ұлттық дәстүрлерін өркендеуді бас-ты мақсат санайтын ұйым жұмыстарын сәтті атқарып келеді. Осылардың нәтижесінде 800 көрерменге арналған ғимарат залында 2017 жылғы мамыр айынан бері ақылы және ақсыз негізде жалпы саны 87 іс-шара өткізілген.

Жанерке ХУМАР