Азық-түлік бағалары күнгейде қымбаттамайды

690
базарда картоптың келісі 120-125 теңге

Премьер -министр Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қаладағы сауда орындары, базарлардың басшылары азық- түлік бағасын жылдың басындағы бағада ұстап, мүмкіндік болса арзанырақ сатуға жағдай жасауда.

Есесіне қаладағы 13 сауда орындары жанында тұрақтандыру қорының жылжымалы көліктерінен әлеуметтік бағада ауыл шаруашылығы өнімдері сатылуда. Оңтүстікте азық-түлік бағасы тұрақты. Көкөністің де құны өспеген. Атап айтсақ, павлодарлық картоп пен сәбіздердің бағасы тұрақты, келісі 100-125 теңге аралығында. Пияздың бағасы арзандап, 70-75 теңгеден сатылып жатыр.

Қазыбек базарында сауда қызып тұр

Cатушылар «Жібек жолы, Алаш  базарынан алып келеміз. Үстіне 5-10 теңгеден қосамыз. Өнімдер отандық Павлодар, Тараздан. Пәкістаннан да бар. Ташкенттен әкелінген сәбіз жақсы өтуде. Бағасы қымбат емес, 75теңге» дейді.

Базардың басшылығы бағаның шарықтап кетпеуін күнделікті қадағалауда. Оған да негіз бар. Үкімет басшысының өзі бағаларды ауыздықтау бойынша жергілікті әкімдіктерге тапсырма берген. Жергілікті билік тарапынан бақылау да қатаң жүргізілуде.

Гүлайым Күздеубаева, базар әкімшілігінің өкілі: «Бағаны көтермеу бойынша жұмыс атқарылуда. Біздегі сатушылар өнімдерді көтерме сауда орындарынан жеткізеді. Енді шаруалар жаңадан шыққан өнімдерін әкеле бастайды. Оларға да орындар дайын».

Облыс орталығының қай базарына барсаңыз да, тұрақтандыру қорының өнімдері де сатылуда. Мұндағы картоптың келісі — 85 теңге, пияз — 50 теңге, құмшекер — 170 теңге. Әлеуметтік бағалар өздеріңіз байқағандай, алыпсатарлардың бағасынан едәуір төмен. Шымкенттіктер жылжымалы көліктерден сатылатын қордың өнімдеріне еті үйренген.

18 ш/а тұрақтандыру қорының көлігінен әлеуметтік бағада өнімдер сатылуда

Бахадыр Абдрахманов, қала тұрғыны: «Өзбекстандықпын, үнемі осы жерден аламын. Картоптың келісі — 85 теңгеден. 8 келісін сатып алдым. Баға жақсы, базардағы бағадан 50 теңгедей арзандау».

Бұл сауда орындарына өнімді «Оңтүстік Азық түлік» компаниясы серіктесітігінің мамандары жеткізеді. Бүгінде әлеуметтік бағадағы өнімдер қаладағы 13 сауда орындарында сатылуда.

Жандос Тинбаев, «Оңтүстік Азық-түлік компаниясы» ЖШС-і бас директорының орынбасары: «Тұрақтандыру қорының әлеуметтік бағалары базардағы көкөніске әсері байқалады. Бағаны шарықтатпай тұрақты ұстап тұруға зор мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру комиссиясының құрамына үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлер палатасы, ауыл шаруашылығы басқармасы және де сала мамандары бар. Сондықтан да бағаны бекіту  комиссияның құзырында».

Жауаптылардың мәлімдеуінше, тұрақтандыру қорының өнімдері енді жыл бойы сатылады. Азык-түлік компаниясы серіктесігі қойманы жаңа піскен өнімдермен толықтырып тұрады.