«Еріктілер мектебінің мүшелері қайырымдылық жасаудан шаршамайды»

1508

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы еріктілер тобының мүшесі Әсел Жолдыбай:

– Еріктілер мектебінде қашаннан бері мүшеліктесің?
– Еріктілер мектебі Оңтүстік Қазақстан облысы Жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған. Жетекшісі – Жасмин Әшімова. Өзім Шымкент көпсалалы колледжінің көшбасшысымын. Аталмыш колледж студентімін. Жасмин Әшімова колледжімізге келіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Содан бастап осы мектептің мүшелігіндемін. Әлеуметтік желілерден осындай мектеп бар екенін оқып білдім. Бірақ баруға мүмкіндігім болмай жүрген- тін. Жасмин Әшімова келгеннен соң мүмкіндікті пайдаланып осы мектепке келдім. 4 ай болды. Осы уақыт аралығында қаншама қайырымдылық шараларына қатыстым.
– Алғаш қандай қайырымдылық шарасына қатыстың?
– Еріктілер мектебіне келген соң мүмкіндігі шектеулі жандар үйіне барып көмек көрсеттік. Концерт қойдық. Мен өлең оқып бердім. Бір кісі көзіне жас алып маған рахметін айтты.
– Көбінесе қандай жандарға көмек көкрсетесіңдер?
– Еріктілер мектебінің жоспарлары өте көп. Барлық жерге барамыз. Қарттар үйіне, балалар үйіне, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, қайырымдылық шараларын жүргіздік. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да көмек көрсеттік.
– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетесіңдер, кімдер демеушілік жасайды?
– Азық – түлік жағынан үлкен компаниялар көмектеседі. Отбасыларға азық – түлік, киім кешекті өзіміз апарып береміз. Көптеген компаниялар демеушілік көрсетеді.
– Ол компанияларға өздерің өтініш жасайсыңдар ма?
– Екі жақтан да ұсыныс болады. Компанияларға шығамыз. Қолдарынан келгенше ақша жағынан да, азық түлік жағынан да көмек көрсетеді.
– Жағдайы төмен отбасыларды қайдан іздестіресіңдер?
– Жанымдағы адамдар айтады. Мектепке барып көмек көрсетсек деп ұсыныс айтамын. Мектеп басшылары көптеген кормпанияларға шығады. Өздері хабарласатындар да бар. 7 баласы бар анаға көмектестік. Қолымыздан келгенше көмек қолын созамыз.
– Егер хабарласқысы келгендер болса еріктілерді қайдан табуға болады?
– Әлеуметтік желілерде біздің өзіміздің жеке парақшаларымыз бар. «Бізбен бірге оңтүстік жастары» деген парақшаларға тіркеліп, жағдайын жазса міндетті түрде хабарласамыз, елеусіз қалдырмаймыз.
– Еріктілер мектебінде қанша мүше бар?
– Өзімнің қарамағымда 25 ерікті бар. Жоғары оқу орындарынан, колледждерден келіп көмек қолын созады.
– Сендердің қатарларыңа қосылғысы келетіндерге қоятын талаптарың бар ма?
– Біздің қатарымызға 14 жастан бастап мүше бола алады. Шектеу жоқ. Ерікті болғандықтан барынша көмектесемін деп келген ізгі ниетін кері қайтармаймыз. Түсіндірме жұмыстарын жасап шақырамыз. Оларға ең алдымен «Сендерге бұдан не пайда?» деген сұрақ қойылады. Сондағысы біздің мектептің пайдасы – қайырымдылықпен айналысу, достар табу, көшбасшылыққа үйретеді. Көптеген тренингтер өтеді.