«Гүл өсіру де өнер»

2185

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы облыстық экологиялық орталықтың маманы Ғазиза Мұстафина:

– Көктем келді дегенше жердің тоңы жібіп, көк көктеп, гүлдер құлпырады. Есік алдына отырғызылған гүлдер бүршік жарып, көз қуантады. Жалпы құмыраға отырғызылған гүлдерді қалай егу керек, қалай күтіп баптау керек?
– Экологиялық орталығымызға оқушылар көп келеді. Біз оларға бөлме гүлдерін өсіру жолдарын, қалай көбейту, қалай күтіп баптау қажеттігін үйретеміз. Орталығымызда 40 – қа жуық гүлдердің түрі бар. Бөлме гүлдерін тамыр сабағын бөлу арқылы, кәлемшелеу арқылы, тамыр сабағы жару арқылы қалай отырғызу қажеттігін оқушыларға үйретеміз. Бізде күнді жақсы көретін, жылылықты жақсы көретін, ала көлеңкені жақсы көретін гүлдер көп. Мәселен, Жүсіп, Кислица, Колонхоя гүлдері күнді жақсы көреді. Фикус, бенжамин гүлдерін алакөлеңке жерде өсіру керек. Оны су бүркіп, жапырақтарын әрдайым сүрту керек. Жапырақтары сарғайып кетпес үшін, ұштары қарайып кетпес үшін суды бүркіп отыру керек. Гүлді суғарудың да өзіндік жолдары бар. Гүлдің топырағы құрғағаннан кейін ғана құю керек. Егер үстін үстін құя берсек тамыры шіріп кетеді.
– Гүлді тамыр сабағыннан айырып, не болмаса тамырымен отырғызу жөнінде айтып өтсеңіз…
– Фикус гүлі сүтті болады. Оны кесіп алсаң ақ сүт ағып тұрады, қолға тисе күйдіреді, зияны бар. Жапырағын сындырып алып көбейту мүмкін емес. Буындарын кесіп тілмеш жасап суға салып қойып, тамырын шығару арқылы өсіру керек. Бірден тамырламайды, екі үш ай күту қажет. Ағаш сияқты өсетін гүлдерді егу қиындау. Тамырын бөлу арқылы көбейтуге болатын гүлдер де бар. Колонхоя гүлін суға тамырлатып отырғызса болады. Ауа тамыр сияқты болады, соны суға салып отырғызу керек.
– Гүлдеп тұрған кезде қырқу зиян ба?
– Гүлге әрине зиян. Сабағынан сындырып алу да гүлге зақым келтіреді. Қайшымен қиғаштап қию керек.
– Әйел бақыты, ерлер бақыты деп атайтын гүлдерді өсіргенді ұнататындар басым. Осы гүлдерді қалай күтіп баптау қажет?
– Бұл гүлдер алакөлеңке жерді жақсы көреді. Сондықтан ашық күн көзіне қоймаған дұрыс. Гүлді алған кезде қай жерге қоямыз соны шешіп алуымыз керек. Голландық гүлдерді сатып алып, көбіне «өлтіріп» аламыз. Шетелден алып келген гүлдердің тілін білмейміз. Гүлді алар кезде ғаламтор арқылы ақпарат алу керек.