Күнгейліктер «Ықылас күнін» тойлады

604

1-наурыз – алғыс айту күні! Мереке аясындағы онкүндік жоба-жоспар бүгін де жалғасын тапты. «Ықылас күні» деп белгіленген дата аясында бірқатар мәдени бастамалар қолға алынып, жүзеге асты. Жұртшылықты құрметке бөлеген – жас пен жасамыстың қатысуымен өрбіген игі шараларды біз де тамашалап қайттық.

Ән мен күй. Би өнері. Ақ тілектер мен құттықтау-лебіздері. Мұндай құрмет -ықыласқа толы мерекелік әсерді бүгін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ұжымы да сезінді. Себебі оқу орнында 3 жыл бұрын «Қазақстан халқы ассамблеясы» атты арнайы кафедра ашылып, жұмысын бастаған. Бүгінде мұндағы 17 мыңға жуық студенттің 1500-ы – өзге этнос өкілі. Сондықтан, білім ордасы «ықылас күнін» жұмыла, айрықша атап өтуге кіріскен.

Айтулы датаны Аналар кеңесі де ескерусіз қалдырмады. Өңіріміздегі этно-мәдени орталықтар жанынан құрылған бұл жасақ «Нұрсәт» шағынауданындағы №4 перениталдық орталыққа арнайы бұрылды. Дүниеге сәби әкелген аналарды құттықтап, гүл шоқтары мен сый-таралғысын табыстады. Мерекенің мерейін асырды.

«Ықылас күні» – Қазақстан халқы асссамблеясының өңіріміздегі ошағында да ерекше екпінмен тойланды. Мұнда дәстүрлі «Достық сыйы» шарасы ұйымдастырылды. Игі бастама аясында өзге этнос өкілдері өзара сый-таралғы жасады. Кәнігі емес, рухани құндылық ретінде кітап-тартуын үлестірді. Бір-біріне арнайы бұрылып, жүрекжарды тілек-ниеттерін жолдады. Сөз арасында Елбасымыз Н.Әбішұлының бағдарламалық жолдау-мақаласындағы жүктеген жауапкершілікті де ұмытпай, жүзеге аусына атсалысу бағытын марқая айтып жүрегеніне де куә болдық.

Айта өтетін ақпарат, Елбасының жарлығымен облысымыздағы 20 этно-мәдени орталық осыдан 23 жыл бұрын қызметін бастаған. Ал бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 108 өзге ұлт өкілдері өмір сүреді.