Наурыз мерекесін әр жылғы түлектер ұйымдастырады

962

«Наурызды тойлауға тиым салынып, қаншама жылдардан бері әзиз меркемізден алшақтап келдік» деген әңгіме ауызекі айтылғанымен ауыл-ауылдарда Кеңес кезеңінің өзінде-ақ осы ұлық мерекенің тіні үзіліп қалмай, кішігірім болса да тойланып келді.

Көрші-қолаң қыр басына шығып, көкке көрпеше жайып ауыл ақсақалдарынан бата сұрап, наурыз-дәм дайындап хал-қадерінше ұмыт қалдырмауға тырысты. Осының бәрі де ақжаулықты асыл әжелеріміздің арқасы. Бала күнімізде мектептен қайтар уақытымызға сай түс әлетінде апа, әжелеріміз наурызкөжеге шақырар еді. Ол кезде бұл дәмнің атын да сыбырлап айтатын. «Уыз көже» деп.

Дегенмен апаларымыз жасөскіндер осы бір үрдісті үзбей, кейінге жеткізсін, ұмыт қалмасын деген ізгі оймен жасайды екен ғой. Ұлттың ұлы мұрасы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетуіне ата-апаларымыздың қосқан үлесі шексіз. Наурызға байланысты салт-дәстүріміздің сақталуына да мұрындық болғаны өлшеусіз өнеге ғой. Бүгінде ұлттық мереке дәрежесіне жетіп жоғары деңгейде аталып жүр. Әсіресе күнгейдегі әр ауыл айтулы мерекені кең көлемде тойлайды.

Төлеби ауданына қарасты Ұзынарық ауылында Әз наурыз мерекесі аталмай қалған кезі жоқ. Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтеді. Ұлық мерекені мектепті тәмәмдап кеткен түлектер ұйымдастырады. Былтыр 1974 және 1984 жылы дүниеге келгендер ұйымдастырған болатын. Арнайы сахна құрылып, алтыбақан орнатылып, нағыз ұлттық нақышта сән салтанатымен өтті. Күрес, арқан тартыс сынды ойындар ойнатылып, көпшіліктің көңілін көтерді.

Ауданнан арнайы келген өнерпаздар ән шырқап, Қ.Байболов атындағы мектеп оқушылары наурызға арнап сахналық қойылым көрсеткен болатын. Ағалар салған ізді інілер жалғап дәстүрге айналған тінді үзбей биыл 1975 және 1985 жылы дүниеге келгендер өткізуде. Осылайша наурызды ерекше тойлайтын ауылдар қатары да көбейіп келеді.

Сайрам ауданындағы Ақбастау ауылы да жыл сайын наурызды халықтық мереке ретінде атап өтеді. Бұдан бөлек әр аудан, әр ауылда осындай ізгі дәстүрді жалғастырушылар көп.

Гүлжан Көшерова