«Біздің мақсат – Ұлы Жібек жолын бренд ретінде дамыту»

421

«Біздің мақсат – Ұлы Жібек жолын бренд ретінде дамыту». Осы мақсатта қазір 50 бірлескен компания жұмыс істеп жатыр. Бүгін Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылының жабылуына орай Шымкентте өткен алғашқы Қазақстан – Өзбекстан өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысушылар осылай дейді. Онда жыл бойына атқарылған шаралар қорытындыланып, алдағы жоспарлар түзілді.

Ұлы Жібек жолы бойын әлемнің төрт тарапына таныстыруды көздеген форум қатысушылары көп болды. Делегаттар Орта Азия аумағындағы қозғаушы күш болып табылатын туристік саладағы өсімді дамытуға барымызды саламыз деп құлышынып отыр. Басты мақсат – туризмді түлетудегі ортақ жобаларға жаңа серпін беріп, жыл бойына атқарылған жұмыстардың жалғасын жоспарлау.
Айта өтейік, соңғы кездері Өзбекстанға барып-келетін қазақстандықтардың саны өсуде. Өзбекстандық туристердің басым көпшілігі Бурабайға, Балхаш пен Алакөл көлдеріне, «Шымбұлақ» шаңғы курорты базасына, Астана мен Алматы қалаларына келсе, қазақстандық туристер Ташкент, Самарқанд, Бұхара мен Хиуаны таңдайды.

Бұл қалалар Өзбекстанның көне тарихи мұрасы, әрі Ұлы Жібек Жолының маңызды бағыты болып табылады. Екі ел арасындағы теміржол және автобус бағыттарының ашылуы екі елге де туристік ағынның өсіміне әсер етеді.

Орта Азия елдеріне Шенген визасын ендіру сырттан келетін туристер санын арттырудың бірден бір жолы. Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылының жабылуына орай өткен ынтымақтастық форумында осындай да пікір айтылды.

Қазақстанға келген саяхатшылар көршілес Өзбекстанмен қатар Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріне де баратындықтан баршаға ортақ туристік өнімдердің стандартты бағасын ұстану керек екен.

Тимур Дүйсенғалиев, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: «Біздің ойымызша туристер әрбір елге кемінде екі апта аялдайтындай мүмкіндік туғызуы қажет. Мәселен, бір күн Алматыда, келесі күні Жамбыл, мұнан соң Түркістан өңіріне табан тіреп, одан әрі Өзбекстан мен Қырғызстанда екі аптадан уақыт бөлуіне мүмкіндігі болғаны жөн. Осының нәтижесінде туристер легін арттырған болар едік».
Форум аясында «Ұлы Жібек жолы бойымен» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар жергілікті халықтың тұрмыстық ерекшелігі, салт-дәстүрі мен киелі орындарын, көне сәулет ескерткіштері бейнеленген суреттерді тамашалады.

Шараға Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіби суретшілері де қатысты. Өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынған олар «Қазіргі замандағы Жібек жолы» тақырыбында көркем сурет шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Мақпал Рысбаева