ОҚО-да әжетхана ашамын деп дауға қалған әкім парамен ұсталды

654

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы әжетхана ашамын деп басы дауға қалған әкім парамен ұсталды,- деп хабарлайды inform.kz.

Мақтаарал аудандық сотының судьясы Сейілхан Мұсабековтың сөзінше, Жетісай қаласының әкімі Байдуалы Базарбаевқа қатысты сот санкциясы 20 ақпанда шыққан. «Мақтаарал аудандық сотының тергеу судьясы Мұхтар Жолдасбеков Жетісай қаласының әкімі Базарбаевқа бұлтартпау шарасын қолданды.

Ол кепіл ретінде құны 13 млн теңге тұратын үйін қойған. Сотқа түскен мәліметке сәйкес, Жетісай қаласының әкімі Базарбаев 200 мың теңге пара алған. Оған ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 2-бөлігімен «Пара алу» бойынша айып тағылуда. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерілуде. Әзірге сотқа түскен жоқ», – деді судья Сейілхан Мұсабеков.

Айта кетейік, парамен ұсталған әкім өткен жылдың қаңтар айында Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласында заманауи үлгідегі қоғамдық әжетхананың ашылуына қатысып, басы дауға қалған болатын. Бұл нысан аудан әкімінің бастамасымен бой көтергенін айтқан шенеунік оны салуға 3,1 млн теңге жұмсалғанын жеткізген.