Микронесие алуда мәселе көп

Облыс әкімінің орынбасары - Сапарбек Тұяқбаев

Оңтүстіктегі әр ауданнан несие серіктестігін құру керек. Өйткені, шағын несие алуда проблема шаш-етектен. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев өткізген селекторлық жиында микронесие алудағы мәселелер сөз болды. Басты қаржыландырушы – «Максимум» инвестициялық орталығының басшылығы жұмысына салғырт қарайтын аудандардың бір парасын атады.

Облыс әкімінің орынбасары - Серік Тұяқбаев
Облыс әкімінің орынбасары – Сапарбек Тұяқбаев

Жандар Омаров, «Максимум» АИО-ның директоры: «Ауыл шаруашылығы бойынша шағын несие алуда Арыс қаласы көштің соңында келеді. Арыстықтар 2012 жылы бірде-бір жоба үшін несие алып, жұмыс жүргізбеген. Созақ ауданы да белсенді емес. Олар өткен жылы бір ғана жоба үшін шағын несие алған. Ал қалған аймақтарда несие алып, жұмыс бастаған жобалардың саны әр ауданда 73-ке дейін жетеді. «Сыбаға», «Жылыжай» бағдарламалары бойынша да көрсеткіш жетісіп тұрған жоқ».

Алайда, бұл дауға аудандардың да айтар өз уәжі бар. Мәселен, Сарыағаштың шаруалары несие алуда үнемі кедергіге тап болады екен.

Тұрлыбек Қуандықұлы, «Келес-Несие» серіктестігінің төрағасы: «Біздің линиямыз жабық. Ауыл шаруашылығына керекті уақытта ақша бере алмаймыз. Біздің жұмыс маусымдық қой. Мысалы, көктем шаруаларға дер кезінде ақша керек. Ал біздің желі жабық тұрады».

Қаржының берілмеуіне басты себеп – қайтпай қалған қарыздар. Әрі Сарыағаш ауданы бойынша іс жүргізген жауапты азамат жемқорлыққа жол берген. Селекторлық жиында дау көтерген төрағаға облыс билігі осыны айтты.

Мұндай жағдай Қазығұрт ауданында да таңсық емес. Онда да қаржы беруде жүйе жабық тұр. Ал қарызды қайтаруда озық тұрған – Бәйдібек пен Мақтарал аудандары. Осындай мәселелерді көтерген әр ауданның несие беруші ұйымдары ресми құжаттың тым көптігі де шаруаның қарыз алып жұмыс істеуіне кедергі келтіріп жатқанын да жауаптыларға жеткізді.