Қаламызда Наурызнама аясында ерекше көрме өтеді. Онда аймаққа белгісі қолөнер шеберлерінің туындысы қойылады. Мәселен ағаш ұстасы Мұратәлі Көшкінбаев астау, тегене секілді қазақтың ас беру мәдениетіне тән ыдыстарын ұсынады. Сонымен қатар, көрмеде этностильдегі киімдер, құрақ бұйымдары мен зергерлік әшекейлер де дәріптеледі.
Таң сәріден бастап қолынан қашау түспейтін шебердің шағын шеберханасында жұмыс қызу. Мұратәлі Көшкінбаев ағаштан астау, тегене, ожау секілді дәстүрлі ыдыстарды ата-бабадан жеткен тәсілмен жасап келеді. Оның айтуынша, табиғи ағаштан жасалған бұйымды ұлттық дастарқан мәдениетіне лайықтап ұсынуға тырысады.
МҰРАТӘЛІ КӨШКІНБАЕВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: «Ішімдегін шығарғым келеді. Осыны ағашқа бергім келіп тұр. Шығармашылығымды, ойымды. Қазір 1,5-2 айдың ішінде 40 астауды осып бітірдім. Жақында тексеріп көрдім. Құдыреті көп қой ағаштың. Тағам салсаң пайдасы бар. Өзінің микроэлементтерін бәрін ұстайды. Жылулықты сақтайды».
Шебер ас үй бұйымдарымен қатар ұлттық музыкалық аспаптар да жасайды. Әсіресе, қолмен жасалған қобыздарына сұраныс жоғары. Оның еңбектері алдағы «Наурызнама» онкүндігінде ұсынылады. Сондай-ақ, экспозицияда этностильдегі киімдер, құрақ және зергерлік бұйымдар да таныстырылып, ұлттық мұра дәріптеледі дейді жауаптылар.
ЕРКІН ТАЗАБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Бүгінгі күні қалада 2500 мың субъект тіркелген креативті индустрия саласында. Оның 50%-дан астамы ол қолөнершілер. Сондықтан да қолөнершілерге көрме-жәрмеңкелер арқылы біз халқымыздың, қазақтың рухани-мәдени салтын қонақтарға таныстыра отыра қаламыздың туристік әлеуетін көрсетіп жатырмыз».
Қалада туризмді дамыту мақсатында ұлттық өнерге ерекше мән беріліп, қолөнер шеберлерінің шығармашылығын көрсету үшін Креативті хаб ашылған. Бұл орын шеберлерге тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, туристерді қызықтырады.
Әсел Мәлік






