Түбі бір түркі жұрты Кастамонуда наурыз тойын тойлады

553

Түркі елдері үшін 2018 жыл «Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы ретінде жарияланғаны белгілі. Ұлыстың ұлы күні Түркия Республикасының Кастамону қаласында аталған жылдың салтанатты ашылуы мен Наурызнама мерекесі өтті.

ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының бастамашылдығымен түбі бір түркі елдері басқосқан мейрамға Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр, Татарстан, Македония сынды 19 мемлекеттен 400-ден аса делегаттар қатысып, әз Наурызды бірге тойлады.

Түркітілдес елдерге ортақ мерекеде Қазақстан атынан оңтүстікқазақстандық өнер ұжымдары, оның ішінде 2017 жылы Түркияның Бурса қаласында өткен 31-ші Халықаралық «Алтын Қаракөз» фольклорлық би байқауының бас жүлде иегері «Қазына» би ансамблі, «Семсер» тобы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері Наркенже Серікбаева, Айнұр Әбілдаевалар өнер сәлемін жеткізіп, қазақ елінің болмысы мен береке-бірлігін, ынтымағын бимен өрнектеп, дәстүрлі және эстрадалық әндермен елдің жан сарайын сусындатты.

Түркиядағы өнер сапары 26 наурызға дейін Кастамону, Анкара, Болу, Ыстамбұл қалаларында, сонымен қатар, 24 наурыз – 6 сәуір аралығында Болгария, Македония, Босния, Албания, Черногория мемлекеттерінде Халықаралық Наурыз мерекесіне арналған концерттерде жалғасады.