«Етістік -Жетістік» бизнес жобасы бастау алды

823

Жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған тағы бір тың жоба! Q4 бизнес мектебі мен белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген «Етістік – Жетістік» бизнес жобасын қолға алып, оны жүзеге асыруды Шымкенттен бастады.

Жобаны түсіндіру мақсатында ауқымды шеберлік-сыныбы өтті. Әділ Нұрсұлтан 24 жаста. 2 жыл бұрын кәсіп ашуды алдына мақсат етіп қойып, бүгінде жемісін көріп келеді. Бизнес-тренингте қосымша білім жинап, табыс көзін көбейтіп, жағдайы төмен жандарға жәрдем беруді армандайды.

 

«Осы бизнес-тренинг өтетінін естігенде менен бақытты адам болмаған шығар. Себебі Қайрат Құдайбергенді пір тұтамын. Сол кісіден білмегенімді сұрап, бизнес сауатымды жетілдіргім келді. Арманым – табысымды жақсартып, жағдайы төмен жандарға көмектесу»,- дейді.

 

Айтпақшы, «Етістік – Жетістік» жобасының мақсаты да дәл сондай. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында бизнес өкілдерінің кәсібінің жүруіне көмектесу, сол арқылы кәсіпкерлерге туған жеріне көмек беруге үндеу болып табылады. Өз мақсаттары жолында спикерлер аянып қалмады, барынша болашақ кәсіпкерлерге өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, пайдалы ақпарлармен бөлісті.

 

Ұйымдастырушылар бизнес-тренинге келген жас толқын арасынан табыс әкелетін бизнес-жобасы бар 5 үздікті іріктеп алып, бір ай көлемінде тегін оқытатын болады. Тек, үміткердің жобасы туған ауылына пайда алып келуі тиіс. Кіл мықтыны анықтау үшін арнайы әзірленген тапсырмалар да болды.

«Етістік-Жетістік» жобасы оңтүстіктен басталғанымен, бір айдан кейін республикалық деңгейде ұйымдастырылатын болады. Тіркелу және жоба ұсынамын деушілер Q4 бизнес мектебінің әлеуметтік желісіне тіркелу керек. Жас толқын, қапы қалма!