Өрт сөндіру қызметіне техника жетіспейді

841

Өрт сөндіру қызметін техникалық жабдықтауға жыл сайын миллиондаған қаражат жұмсалады. Дегенмен құрал-жабдықтар әлі де жетіспейді. Тиісті талаптарға сай қарайтын болсақ, техникамен жабдықтау қажеттіліктің небәрі 30 пайызын құрап отыр дейді төтеншеліктер.

Өрт сөндіру қызметінің техникаларын жаңалау уақыт талабы екенін Кемеровадағы жағдай айқын көрсетіп берді. Себебі өртті дер кезінде ауыздықтау үшін техника дегеніңіз сақадай сай болуы тиіс. Қазір облыстық департаментке қарасты өрт сөндіру қызметінде 207 техника қолданылады. Оның 126-сы негізгі, 24-і арнайы автокөлік, 57-сі қосалқы құрал ретінде пайдаланылады.

Жылдан жылға өрт сөндіру қызметін техникалық жабдықтауға бөлінетін қаражат көлемі де артып келеді дейді төтеншеліктер. Мәселен, алдыңғы жылы осы мақсатқа 196 млн. теңге бөлінген болса, былтыр 274 млн теңгеге 10 техника сатып алынған.
Алайда төтеншеліктер қызмет барысында техникалардың жетіспеушілігін сезетінін жасырмайды. Қолда бары қажеттіліктің үштен бірін ғана қамтиды. Биыл да өрт сөндіру қызметі тиісті техникамен толықтырылатын болады. Осы мақсатқа қаралған 361 млн. теңгеге 6 автоцистерна 4 қосалқы автокөлік сатып алынады. Онымен қоса орман өрттері кезінде пайдаланылатын жанар – жағармай таситын жеңіл көліктер мен экскаватор да беріледі.