Алимент төлемесе, қамалады!

5803

Кез-келген бала некесіз, не заңды некеден туған болсын, алиментке құқылы. Тіпті, заңды түрде ажыраспай-ақ бірге тұрып жатқан әйелдер баласы үшін отағасынан алимент өндіре алады.

Алимент төлемеген әкенің иелігіндегі үй, пәтер, автокөліктері тәркіленеді. Сонымен қатар, борышкерлерге шетелге шығуға тыйым салынып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында мекен-жайы туралы, дүние-мүлкі туралы ақпаратты алу құқығынан айырылады.

Ажырасу – бұл эмоциялық тұрғыдан өте қиын процесс. Сала мамандарының айтуынша, ажырасу ерлі-зайыптылардың өзара келісімі негізінде және сот арқылы жүзеге асырылады. Яғни, егер некесін бұзуға ниет білдірген ерлі-зайыптылардың ортақ балалары болмаса, мүліктік дау туындамаған жағдайда олардың некелері ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес АХАТ бөлімінде бұзылады. Некені бұзу арыз түскен сәттен бастап 30 күнтізбелік мерзім ішінде жүзеге асырылады. Егер де, ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балалары болса, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 19-бабына сәйкес, неке сот тәртібінде бұзылады. Мұны ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 32 бабы қарастырады.
«Екі тарап ажырасу кезінде ортақ келісімге келіп, алименттің мөлшеріне қатысты өзара келісім шарт жасасқаны дұрыс»,- дейді заңгер Венера Шертаева. Сонда алимент сол келісім шартқа сәйкес төленеді екен.

Келісімшарт түзу керек
«Аталған Кодекстің 157-бабына сәйкес, алимент төлеуші мен баланың анасы арасында келісімшарт түзеледі. Онда алименттің мөлшері, төлеу тәртібі мен төленетін мерзімі көрсетіледі. Келісімшарт заңды түрде, нотариалдық тұрғыда жасалуы қажет. Ал егер алимент төлеушінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, ол сотқа қайта өтініш жазып, келісімшартқа өзгеріс енгізуге құқылы. Алайда мұндай жағдайда алименттің мөлшері сот белгіленген мөлшерден аз болмауы керек»,-дейді Венера Нұрғалиқызы.
Дегенмен ескеретін тағы бір мәселе бар. ОҚО Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету басқармасының басшысы, «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бағдаулет Жұмахановтың айтуынша, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 95-бабында: «Бiр немесе бiрнеше атқарушылық құжат бойынша борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс» делінген. Бұл ретте, борышкер қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмайтын сомада алимент төлейді.

Алименттің мөлшері
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодекстің 139 бабына сәйкес:
1 балаға – жалақысының не табысының 1/4 мөлшері
2 балаға — жалақысының не табысының 1/3 мөлшері
3 және одан көп балаға – жалақысының не табысының 1/2 мөлшері

Сот тәртібімен өндіру
Десек те, келісімге келе алмай, келісім шарт жасаспаған жандар көп арамызда. Тіпте, бауыр еті баласын күтіп-бағуға қаржы бергісі келмейтіндер де жетіп артылады. Олар бұрынғы әйеліне өкпелі ме кім білсін, әйтеуір алимент төлегісі келмей, жалақысын жасырады. Бірі жұмыс істеп жүрсе де, «жұмыссызбын» деп жалтарса, екіншілері — жалақысының мөлшерін жасырып, жалған анықтама жасатады.

Мәселен, үш баласы бар Айнұр Садық (аты-жөні өзгертілген)есімді кейіпкеріміз 2016 жылы ажырасқанын айтады. Соттың шешімі бойынша балалардың әкесі тапқан табысының 50% -ын оларға беруі керек екен.

– Бұйрықты бұрынғы күйеуімнің мекенжайы бойынша Сарыағаш өңірлік сот орындаушылары палатасына өткіздім. Менің құжаттарым Бағдаулет Абутәліпов есімді сот орындаушысына түсіпті. Ол бұрынғы күйеуімді шақырып, алимент төлеуі керек екенін ескертеді. Алайда жүк көлігінің жүргізушісі болып, айына 250 мың теңге тауып жүрген ол ойламаған жерден «Амарант» ЖШС-нің күзетшісі болып шыға келеді. Сөйтіп, жалақым 30 мың теңге деп анықтама өткізіпті. Осылайша маған соның жартысы 15 000 теңге көлемінде алимент төлеп отыр, — дейді ол.

ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес азамат 3 айдан астам алимент төлемегені үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Кейіпкеріміздің айтуынша, балаларының әкесі жүк көлігін жүргізеді. Жалақысын қолма қол алады. Бірақ, алимент төлемеуі үшін жалған анықтама өткізген. Бұған оның зейнетақы аударымына аталмыш мекемеден бір де бір тиын аударым түспегені дәлел. Оның үстіне бұрынғы жолдасы «жұмыссыз» ретінде тіркеуде тұр екен. Кейіпкеріміз сот орындаушысының осы ақпараттардың бірін де тексермегеніне, тексерсе де көз жұмғанына қапалы екенін жасырмады. Енді, сот орындаушысының да, жолдасының да үстінен сотқа арызданбақ.

Бұл бір ғана Айнұрдың оқиғасы. Ал балаларының әкесінен алимент ала алмай жүрген Айнұр сияқты әйелдер қаншама? Олар сот орындаушыларының дұрыс жұмыс істемей отырғандарын алға тартады.
Мәселен, Гүлжан Бижанова (аты-жөні өзгертілген) есімді тағы бір кейіпкеріміздің азаматтық некеден туған екі баласы бар. Балаларының әкесімен бірге тұрмағанына 1 жылдан асып кеткен. Перзенттерін көріп тұруға келеді екен. Бірақ, құр қол келеді. 1 жылда 2-3 рет балабақшаның ақысын ғана төлепті. Айтатын уәжі — жұмыссыз. Бірақ, нан сатып, көлік жүргізіп, табыс табады. Мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы да бар. Әбден шаршаған кейіпкеріміз алимент өндіру үшін оны сотқа бергенін айтады. Қолында алимент өндіру туралы соттың бұйрығы да бар. Оның көшірмесін сот орындаушысына апарып беріпті. Алайда, сот орындаушысы 1 жылдан бері бір тиын алимент өндіріп бере алмапты. Барса «ертең кел, бүрсігүні кел» деп қайтаратын көрінеді. Жалғызбасты әйел сот орындаушысының жұмысына наразы, ал алименттен үмітін үзгенін жасырмайды.

– Алиментті өндіру туралы өтініш және оның көшірмесі;
– Жеке куәлік және оның көшірмесі;
– Мемлекеттік баж алымын төлегендігін растайтын түбіртек;
– Неке туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, әкелікті растау туралы куәлік,
– Балалардың денсаулығын растайтын учаскелік терапевтің анықтамасы.

Тұрмысы төмен болса да алиментін уақытылы төлейтін адал борышкерлер де бар. Олардың тұрмыс жағдайларын және жұмыссыздықтарын ескеріп, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтып, кәмелетке толмаған балалары үшін алименттің өндірілуіне ықпал жасады.
Маманнан білгеніміз – ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 139-бабына сәйкес, алимент сот тәртібі бойынша өндіріледі. Себебі, әйел бұрыңғы күйеуінен баласы немесе балалары үшін заңды түрде материалдық көмек талап ете алады.

Ескеретін жайт, ерлі-зайыптылар ажыраспай-ақ, баласы үшін алимент талап етуіне болады. Тек жолдасының үстінен «балаларды асырап бағуы үшін үйге қаржы әкелмейді» деп сотқа шағымданса болғаны.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ