Авиация индустриясындағы елеулі оқиға

497

Шымкентке «Боинг 737 MAX 8» ұшақтар сериясының алғашқысы келіп қонды. Осы сериядағы лайнерді сатып алу туралы келісім жылдың басында Елбасының АҚШ-қа іс сапары кезінде расталған болатын. Қысқа мерзімде ауқымды жоба жүзеге асып, міне жұртшылық лайнерді салтанатты жағдайда қарсы алуға мүмкіндік алды. Авиация индустриясындағы елеулі оқиға көпшілікті қуантып отыр.

Көптен күткен су жаңа лайнер Шымкент Халықаралық әуежайына келіп қонды. Ұшақ АҚШ-тың батыс жағалауындағы Вашингтон штатынан 10 000 шақырым қашықтықты бағындырыпты. «Боинг» лайнерінің алғашқы жолаушыларын құшағы гүлге толған балалар қарсы алды.

Ұшақты таныстыру жиынына облыс әкімі мен шаһар басшысынан бастап бірақатар атқамінерлер де келіпті. Ұшақты алаулатып-жалаулатып күтіп алған көпшілік мәре-сәре.

Жұртшылықты жаңа әуе кемесінің алдымен заманауи дизайны қызықтырды. Иә, лайнердің ливреясын айрықша атап өту керек. Бұл «Боинг» корпорациясының қыруар еңбегінің жемісі! Осы сериядағы жалпы саны алты лайнерді сатып алу туралы келісім жыл басында расталды.

«Боинг 737 Max 8» лайнерінің ең жаңа сериясы тарфюзеляжды ұшақтар сегментіне кіреді. Әуе кемесінің жаңа моделінің отын шығыны қазіргі заманғы авиациялық қозғалтқыштардың ең үнемдісімен салыстырғанда 14 пайызға аз екен. Жаңа «Боинг» салоны 186 жолаушыны емін – еркін сыйдыра алады. 840 шақырым крейсерлік жылдамдықпен еш қонбастан Қазақстан және Еуропа, Азия аймақтарына 6 жарым шақырымға дейін қашықтықты бағындыруға қабілетті. Лайнердің жайлылығын әуе қозғалтқышымен жиі сапарлайтын жергілікті билік өкілдері байқап көрді.

Сұхбат беруге ұшқыш Ринат Ахметов әрең келісті. Тілшілермен тілдесуге уақыт таппаған ұшқыш баласымен де дұрыстап қауыша алмады. Білікті маман 12 жарым мың сағатымды ұшақта өткізгенмін дейді.

Ринат Ахметов, ұшқыш: «Бір ай бойы жаңа лайнерді қазақстандықтарға көрсетіп, мақтанып алайық. Жаңа әуе кемесі тұрақты және чартерлік бағыттардағы рейстерді жүзеге асырады».

Жаңа «Боинг 737 Max 8» әуекомпанияның барлық маршруттық желілерінде қызмет көрсетеді. Алматы – Астана, Шымкент – Астана, Шымкент – Ақтау бағыттарына жиі қатынайды. Бұл еліміздің екі астанасы мен облыс орталықтарын байланыстыру мақсатында жоспарланғанын атап өтейік. Ұшақтың бірінші жоспарлы ұшуы бүгін жүзеге асырылады. «Скат» өкілдері заманауи ұшақтың қолданысы билет бағасына, тарифтерге әсер етпейді деп сендірді.

Мақпал Рысбаева