Білімділер марапатталды. Республикалық пән олимпиадасында өңіріміздің намысын қорғап, жүзден жүйрік шыққан оқушылар мен олардың ұстаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Кибриянұр ӘБДУҒАФАРОВА, Шымкент қалалық «№2 «Білім-инновация» қыз балалар лицей-интернатының» 9 сынып оқушысы. Білімділер сайысында химия пәні бойынша бірінші орынның алтын алқасын тағынып, сондай-ақ абсолютті чемпион жүлдесін қанжығалап қайтты.
Кибриянұр ӘБДУҒАФАРОВА, І орын иегері: «Абсолютті чемпион атану үшін 100 ұпай жинау керек, мен 97 ұпай жинап сол атақты иелендім. Бүл дегеніңіз республика бойынша ең жоғары көрсеткіш деген сөз. Олимпиада өте тартысты өтті. Мен өз ата-анама, жетекшіме алғысымды білдіремін».
Биылғы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың облыстық кезеңіне жалпы 1099 оқушы қатысып, олардың 69-ы республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Нәтижесінде 13-22 наурыз аралығында өткен жаратылыстану-математикалық бағытындағы олимпиадада 12 оқушы жүлделі болып, «Ең үздік олимпиадалық команда-2018» атағын жеңіп алды. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткен республикалық білім додасында 13 оқушы жеңіс тұғырынан көрініп, облыс абыройын асқақтатты. Марапатқа бөленген озат оқушылар мен мықты мұғалімдердің қуанышында шек жоқ.
Медет Тегістай, І орын иегері: «Көңіл-күйім тамаша. Тағы бір жағымды жаңалық естіп қуанып қалдым, келесі жылы облыстық кезеңге қатыспай-ақ автоматты түрде республикалық кезеңге жолдама алыппын. Өте қуаныштымын. Осылай барлығымыздың басымызды қосып, арнайы марапаттап жатқан ұйымдастырушыларға үлкен рақмет».
Облыстық білім басқармасы Республикалық кезеңнін жүлдегерлерімен қатар, облыстық кезеңде 2-ші, 3-ші орын алған оқушыларды да арнайы құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Рахат Наманов, облыстық пән олимпиадасының 2 орын иегері: «Әр нәрсе еңбекпен келеді, бірінші орын алуға еңбек жетпей қалды деп ойлаймын. Биылғы математикалық есептер алдыңғы жылмен салыстырғанда күрделі, солай болғаны да дұрыс, өйткені жыл сайын оқушылардың білім деңгейі өсіп келе жатыр. Келесі жылы көбірек дайындаламын».
Үмітті ақтаған үздіктердің алдында әлі талай білім бәйгесі бар. Оқушылар ол сынақтардан да сүрінбей, жоғары жетістікке жетеріне сенім мол дейді шараға қатысқан мұғалімдер қауымы.