ОҚО-да мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен 59 жобаны жүргізу  жоспарлануда

533

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салу айтылған. Бүгінде осы тапсырманы орындау үшін мамандар мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында студенттер үйін салу бойынша арнайы концепция дайындауда. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары бас қосқан жиында «Қазақстандық мемлекеттік – жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев мәлімдеді.

Астаналық қонақтар аталған концепсияның нақты бекітілмегенін, әлі өзгертулермен толықтырулар болатынын жеткізді.

«Елбасы айтқандай студент сапалы білім алу үшін, оған тиісті деңгейде жағдай жасау керек. Осыны ескере отырып, студенттер үйінің жобасын, оның орындалу барысын қағазға түсіріп шықтық. Қазақта «жеті рет өлшеп бір рет кес» деген керемет сөз бар. Біз өзіміз жасаған жобамыздың шикі тұстары болса, ойласып бірге пісіруге келіп отырмыз. Яғни, біз сіздерді де тыңдауға келіп отырмыз. Осыған байланысты қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, мархабат», – деді Талғат Матаев.

Мамандар мемлекеттік – жекеменшік әріптестік тетігі аясында салынатын студенттер үйі халықаралық стандарттарға жауап беретін жатақхана болатынын айтады. Ондағы жайлылық үйдегіден кем болмайтынын айтады.

Жобамен танысып шыққан оқу орын басшылары бір бірқатар ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Олар соңғы үлгіде салынатын жатақханаларға төленетін ақысына алаңдаушылық білдірді. Себебі, халықтың қалтасына қонымды болмаса, студенттер өз еріктерімен пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатынын жеткізді. Егерде жоба тиімсіз болатын болса, кәсіпкерлер бұл мәселеге қалай атсалысады деп сауал қойғандары да болды.

Қонақтар концепсияны бекітер кезде жиында айтылған барлық мәселелерді ескеретіндерін жеткізді. Сондай-ақ, астаналық делегация бірнеше күн өңірімізде болып, оқу орындарындағы бүгінгі жай күйімен танысатындарын жеткізді.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жалпы 59 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 12,3 млрд. теңгеге 22 жобаға жеке әріптес анықталып, келісім-шарт түзілді және 28,5 млрд.теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынды.

Бұдан бөлек, 28,6 млрд. теңгеге 22, оның ішінде 5 автомобиль жолын күрделі жөндеу, 5 білім, 3 денсаулық сақтау, 4 спорт, 1 жарықтандыру, 1 әлеуметтік қорғау, 3 құрылыс жобаларына жекеше әріптесті айқындау үшін конкурс жарияланды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі