Сауын сиыр сыйға тартты

976
Facebook Бәйдібек ауданы

Бүгінде әлеуметтік жағдайы тым төмен отбасылар аз емес. Тіршілігінде таршылық көріп, көпшіліктен жәрдем сұрайтындары да аз емес. Соған орай жәрдемге мұқтаж жандарға қол ұшын созып, сауапқа батып жатқандар да баршылық.

Әрине беттің арын белге түйіп, БАҚ арқылы, не болмаса әлеуметтік желілердің көмегіне жүгініп жатқандардың біразына көмек көрсетілді де. Жағдайы мүшкілге қарасу адамдық парыз. Оны әркім түрліше орындап жүр.

Бізде «Атымтай жомарттардың» түр түрі бар. Бірі телеарна шақырып, көрсетер көмегін көпшілікке паш етіп, айқайлатуға құмар. Енді бірі арғы жағынан күн көрінетін қытайлық күртешелерді балалар үйіне апарып бергенін көрсетіп, мақтануға бейіл. Мейлі ғой, көрсеткен көмегі үшін көптің алғысын да алар.

Алайда алақайламай сауап үшін істеген қайырымдылығын үнсіз атқарса дейсің. Қытай күртешелеріне құмарлардың құлағына алтын сырға. Ал енді үйі жоққа үй, жері жоққа жер әперіп, жұмысы жоқты жұмысқа орналастырып жатқандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Жуырда игілікті істің куәсі бодық. Қайырымды жан Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау ауылында тұрмысы төмен отбасыларға екі бұзаулы сиырды сыйға тартыпты. Бұзаулы сиырларды жеке кәсіпкер зекет есебінен беріпті. Былтыр да осы ауылдағы тұрмысы төмен екі отбасыға сауынды сиыр берген екен.

Ауылдықтар үшін мал күнкөріс көзі. Сүтін сауып ішіп, бұзауын сатып, көшін түзеп алуына септеседі. Қайырымды азамат Шымқаланың тұрғыны екен, аты жөнін айтпауды өтініпті. «Әп, бәрекелді!» деп сүйсініп қалдық. Қайыр қылсаң. осылай қыл.

Г.Жұмаш