Жоғары жаңа технологиялар колледжіне Манап Өтебаевтың  есімі берілді

1162

Ұлағатты ұстаздың 80 жылдық мерей тойына арнайы келгендер көп болды. Шәкірттері, замандастары салтанатты түрде ашылған  Манап Өтебавтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Манап Өтебаев 80 жаста

Әсіресе жастардың толғанып, қамқоршы болған ағалары туралы айтқан әңгімелері ешкімді бей жай қалдырмады.

Самат Бекебаев, білім ордасының түлегі: «Біз ата-анамызға керек болмағанда, Манап ағамызға керек болдық. Ол кісі бізді қамқорлығына алып, оқытты, тәрбиеледі. Манап ағамызға алғысымыз шексіз. Ол кісінің жасаған жақсылығын ұмытпаймыз. Мен №3 балалар үйінің тәрбиеленушісімін. Мен сияқты  ұл-қыздарға пана болған ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын».

Манап Өтебайұлы нарықтық экономика мамандарын даярлауда, салауатты өмір салтын насихаттауда, қайырымдылық іс-шаралар өткізуде ерекше еңбек сіңірді. ҚСРО және Қазақстан Республикасы орта білім беру ісінің үздігінің шәкірттері бүгінде тек республикада емес шетелдерде де танымал. Техникумның түлектері кәсібін шыңдауда бағыт-бағдар берген тәлімгерлеріне алғысы шексіз.

Еділбай Көшербай, білім ордасының түлегі: «Мен бұрынғы гидромелиоративтік  техникумның 1979 жылғы түлегімін. Манап ағамыздың  қол астында оқығанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің  біздің білікті маман болуымызға үлесі зор болды.  Қатал, талапшыл, адами қасиетін ерекше атап өткім келеді. Манап ағамыздың түлектері деген атаққа кір келтірмей келеміз. Ол кісіні қатты құрметтейміз».

Жоғары жаңа технологиялар колледжіне Манап Өтебаевтың  есімі берілуіне орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғалымдар, ағаның тәлім-тәрбиесін көрген азаматтар арнайы келіп қатысты. Кездесуде ұлы тұлғаның өз ісіне адалдығы, адамгершілік қасиеті, өмірлік жолының өскелең ұрпаққа үлгі өнеге болатыны атап өтілді. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы Манап ағамыздың ісі мәңгі жалғаспақ.