Құқық қорғау органдарына көңілі толмағандар «Нұр Отан» партиясына жүгінді

399

Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қардай бораған арыз шағымдар бүгін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында көтерілді. ОҚО ІІД мен облыстық прокуратура, Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бас қосқан жиында құқық қорғау органдары өзара бірлесіп, нақты жұмыс жасау қажеттігіне тоқталды. Себебі, тәртіп сақшыларының салғырттығына, соттардың шешіміне көңілі толмайтын тұрғындар көбейген.

Алтынай Қалдыбаева, шағымданушы: «Титтей бала-шағамыздың несібесі қорадағы бар малымызды ұрлап кетті. Тіпті ұрылар хабарлама да жіберді телефоннан. Полицейлерге айттық, көрсеттік. Тіпті телефондағы дәлелдермен де жұмыс істегісі келіп тұрған жоқ. Біздің бар жиған тергеніміз қорадағы малымыз еді ғой».

Таңның атысы, күннің батысы мал жан деп еңбек етіп, тапқан қорадағы 47 жылқысы бір ақ түнде жоқ болған. Барымташылар алыста емес дегенімен құлақ түретін жан болмапты. Тәртіп сақшыларының салғырттығына шағымдана келген тұрғын әділдік іздеп жүр.

«Біз телефонды тексерттік. Өшіріліп тұр. Көрші облыстың тұрғынына тиесілі… Бұл іс қатаң бақылауда. Сайрам және Бәйдібек аудандарының аумағы тексеріліп жатыр. Мал иесімен мал базарларды да бірге араладық», – деп жауап берді қоғамдық қабылдауда жергілікті полицейлер.

Мал ұрлығын айтып тағы бір арызданушы шырылдады. Жоғалған бір сиырдың соңынан сегіз айдан бері сандалыпты. Құқық қорғаушылар қыңқ етер емес дейді ақсақал.

«Бір малды шешіп бере алмаса ауданның прокуроры не істеп жүр?! Қадағалаушы орган емес пе? Жеке қабылдауға жазылу прокурорларға қиямет қайым», – деп жанайқайын жеткізді Амангелді ақсақал.

«Нұр Отан» партиясының ОҚОФ төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков жоғалған малын іздеп шарқ ұрған ақсақалдың сұрағына он күн ішінде жауап беруді сұранды. Облыстық прокуратураның басқарма басшысы Асқар Алтыбаевқа осы мәселені бақылауға алуды өтінді.

Сонымен қоғамдық қабылдауда айтылған шағымдар назардан тыс қалмайды деп шешілді. Мәселені ушықтырмай, заң шеңберінде шешуге уағдаласты.