«Ұлы Дала елінің киелі мұралары» акциясы басталды

702

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясын бастады.

Тарихи ескерткіштерді сақтау мен дәріптеу, мәдени әрі рухани құндылықтар негізінде қазақстандық бірегейлік пен отансүйгіштікті нығайтуды көздейтін акция үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең 5-9 мамыр аралығында Жеңіс күніне орай «Қамқор» атауымен өтеді. Бүгін жастар қозғалысының мүшелері Шымкенттегі «Даңқ» мемориалының аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері А.Аскеров пен Е.Төрехановтың үйіне барып, мерекесімен құттықтады. Ардагерлердің естелік әңгімелерін тыңдап, үй шруасына көмектесті.

– Адамзаттың басына енді мұндай соғыс қасіретін бермесін. Ұлы Отан соғысы жылдарында біз көтерген ауыртпалықты ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. 1942 жылы 20 жасымда майданға аттандым. Содан Ұлы Жеңісті жақындатқан 1945 жылдың мамырына дейін от пен оқтың ортасында қар төсеніп, мұз жастанып, бүкіл Еуропаны жауынгерлік керзі етікпен жаяу басып өттім. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру бағытында тағы 3 жыл әскери борышымды өтедім. 1948 жылы Қазақстанға келіп, осы жерде ұрпақ өсіріп, берекелі өмір сүрудеміз», – дейді 96 жастағы ардагер Али Аскеров.

Айта кетейік, «Ұлы Дала елінің киелі мұралары» акциясы еліміздегі барлық қалаларда, ауылдарда бір мезгілде басталды. Екінші кезеңде, яғни 28-37 мамыр аралығындағы «Тағзым» акциясы кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар өткізіледі. Ал 14 маусымнан басталатын үшінші кезеңде «Ұлы Дала елінің киелі мұраларына» жататын нысандар бойынша өңірлік экспедициялар мен экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылады.