Әлемді мойындатқан фильм режиссеріне облыс әкімі құрмет көрсетті

495

Канн кинофестивалінде жүлделі болған «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевой туған қаласы Шымкентке келіп, жерлестерімен кездесті. Әлем киножұлдыздары қол соғып, қошемет көрсеткен шымкенттік режиссерді облыс әкімі де қабылдады. Шапан жауып, «облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.

Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атанған қазақстандық актриса Самал Еслямова түскен «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевой туған өлкесіне ат басын бұрды. Әлемдік киногерлер мойындап, өнеріне қошемет көрсеткен режиссер бұл жеңістің туған елі үшін де қаншалықты маңызы бар екендігіне Самал мараптталған сәтте терең сезінгенін айтады.

Сергей Дворцовой, кинорежиессер: «Үздік актриса ретінде марапатталып, мінберден Самал Еслямова сөз алған сәтте бұл жеңістің туған ел үшін қаншалықты маңызы зор екендігін ұқтым. Қарапайым ауыл баласының әлемдік сахнаны, дүниежүзілік деңгейді бағындырудан қорықпау керектігін баса айтқым келеді. Әрбірімздің қолымыздан келеді».

Облыс әкімі әлем киногерлерін тамсантқан туындының режиссерін қабылдады. Еліміздің киноматография саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Сергей Дворцевойға өңір басшысы жерлестерінің атынан шынайы алғысын жеткізіп, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сонымен қоса Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолындағы еңбегіне сәттілік тіледі.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Біздің облыста 8 театр бар. Өнердің өрістеп, Шымқаланың мәдениетін арттыруда аянып жатқан жоқ. Киностудияларға да кенде емеспіз. «Сақ» киностудиясының өзі 50-ге жуық анимациялық фильмдер түсірді. Келешекте күнгейден сіздің жеңісіңізді қайталар тұлғалар тәрбиеленіп шығуы ғажап емес».

Сергей Дворцевой, режиссер: «Бұл жеңіс жергілікті театрлар үшін де үлкен серпіліс. Софи Лорен, Кейт Бланшет секілді күнгейдің де актерлері әлемді мойындата алады. Осыны сезіне алғаным үшін де бақыттымын. Мен түп тамырымнан тыныс аламын. Әлемнің қай бұрышынан болсын жетістікке жеткен жерлестерімді көрем. Шымкенттің шаңы мен ыстығын сүйем. Бұл менің табиғатыма тән. Созақ, жуантөбе Оңтүстіктің даласын жақсы көрем».

Жаныммен, тәніммен шымкенттікпін деген режиссер Шымқалада 29 жыл тұрған. Сергей Дворцевой көрсетіліп жатқан құрмет пен қошемет үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта Қазақстанның кинематография саласының дамуы жолында аянбай еңбек ететінін сеніммен жеткізді. Сонымен қатар Оңтүстік өңірінде киноиндустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанынан хабары бар екенін айтып өтті.