Мәңгілік Даңқ шеруі өтті

794
Мақтарал ауданының әкімдігі

7-мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысының 73 жылдығы мерекелерін мақтаралдықтар мәңгілік даңқ шеруімен бастады. Жетісай қаласының «Абай» гүлзарына жиналған мыңдаған тұрғындар М.Әуезов көшесінің бойымен жүріп өтіп, орталық «Жеңіс» алаңына аялдады.

Кеудесін оққа тосып, ел үшін жанын берген батыр бабаларымыздың портреттерін қолдарына ұстап шыққан мақтаралдықтар «Жеңіс» алаңындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шара барысында бастарын өлімге тіккен ардагерлеріміздің ерлігіне тағзым еткен аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев тұрғындарды мерекемен арнайы құттықтады.

Мұнан соң аудан басшысы ауданымыздың ішкі тыныштығы мен шекарасын күзетіп жүрген бірнеше азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Мерекелік іс-шарада ауданның өнерпаздары өнер көрсетіп, батыр бабаларымыздың ерлігі жайлы әндер шырқады. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртістері соғыс заманындағы көріністерден қойылым қойып, елдің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, аудан әкімі мен аудан тұрғындары Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына барып, Елбасымыздың қатысуымен өткен әскери шеруді «Қазақстан» ұлттық арнасынан тікелей эфирде тамашалады.

Айта кетейік, Мақтарал ауданынан 32 мыңнан аса адам Ұлы Отан соғысына аттанып, соның 3900-і ғана аман-есен елге оралған. 14 адам «Ұлы Отан соғысының батыры» атағын алып, бүгінде олардың есімдері Даңқты азаматтар аллеясындағы ескерткіштерге қашалып жазылған. Сондай-ақ, ауданда көшелердің, мектептердің, ауылдардың аттары осы батыр бабаларымыздың есімдерімен аталады. Бүгінде ауданымызда көзі тірі 6 Ұлы Отан соғысы ардагерлері бар.