Зиянкестермен шаруалардың өздері күреседі

588
Informburo.kz

Мақтарал ауданының диқандары ауа – райымен қоса зиянкестерге алаңдаулы. Өйткені былтыр маусым айының ортасында мақта көбелегі мен өрмекші кенесі шаруаларды әлекке түсірген. Облыстағы фитосанитарлар аталған зиянкестердің ошағын аудандағы 21 округте анықтаған.

Ал облыстық аумақтық инспекциясы қауіпті зиянкестермен күреске қарсы шараларды жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланса да, ешкімнің қатыспағанын мәлімдеді. Бұл дегеніміз зиянкестермен шаруалардың өзі күреседі деген сөз.

Облыстағы 8 аудан шаруалары мақта егеді. 80 мың гектарға ақ алтын дақылын еккен мақтаралдықтар алаңдаулы. Салқын күн райы мақтаның жетілуіне кері әсерін тигізсе, маусымда мақта көбелегі мен өрмекші кенесі шығынға батырады деп уайымдап отыр.

Өңіріміздің фитосанитарларының мәліметі бойынша биыл жұлдыз құрты – мақта көбелегін анықтау зерттеу жұмыстары 176 мың га алқапта жүргізілмек. Айтуларынша, мақта көбелегі өнімнің бітік шығуын тежейді. Әрі 3-4 ұрпақ беретін зиянкес маусымның алғашқы он күндігінде мақтаға түсіп, еңбекті еш етуі мүмкін. Өйткені, зиянкестермен күресетін серіктестік табылмаған.

Темірхан Елғонов, ОҚО аумақтық инспекциясының өсімдік қорғау бөлімінің басшысы:
“Агроөнеркәсіп кешені өткізетін электронды конкрус жарияланса да , өнім берушілер қатыспаған. Енді шаруалар биологиялық тәсілді кеңінен қолдануы тиіс”.

Мақтаға зияны бар өрмекші кенесі бірінші ұрпағын арам шөп, арық-атыздар мен жолдың бойында тастайды. Кейін өсіп дамып мақтаға өтеді екен. Фитосанитарлар биыл өрмекші кенесі ошағының 15 мың гектарда анықталғанын атап өтуде. Зиянкестердің етек жаюына шарулардың агротехникалық талаптарды орындамауы себеп дейді сала мамандары.

Шаруалар агроталаптарды мүұқият орындайтын кез келді. Табысының бір бөлігін зиянкестермен күреске жұмсаған абзал дейді. Агрономдар қол қусырып, шығынға бататын шаруаларды өзі ісіне мұқият болуға шақырады. Өйткені жүйеліліктің жоқтығынан жапа шегетін тек шаруа.

Шынар Оразова