Бас жүлде — 500 мың теңге! Облыстық жастар ресурстық орталығы екінші рет «Самғау-2018» жас режиссерлер кинофестивалінің басталғаны жайлы жариялады. Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған кино байқауға облысымыздың 14 пен 29 жас аралығындағы кез — келген жас қатыса алады.
Бастысы, бағдарлама талабына сай қысқаметражды фильм ұсыну керек. Фильмді әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны, Астанаға 20 жыл, спорт, жемқорлыққа қарсы бағыттағы, отбасы құндылықтарын насихаттау, әлеуметтік тақырыпта (ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, алимент, діни сауатсыздық және т.с.) сынды 8 бағытта түсіруге болады. Соңғы 10 айда түсірілген фильмдер де қабылданады. Туындының ұзақтығы кемінде 5 минут, бірақ 15 минуттан аспауы тиіс.
Жеңімпаздар 5 шілде күні, мереке қарсаңында анықталады. Ұйымдастырушы тарап қатысушыларға техника жабдықтарын және кәсіби режиссерлердің көмегін ұсынуға дайынбыз дейді. Биылғы байқаудың ерекшеліктері де аз емес.
Береке Дүйсебеков, Облыстық «Жастар ресурстық орталыы» КММ директоры: «Биылғы байқауда барынша шектеулерді азайттық. Ютуб, әлеуметтік желіде бұрын жарияланған туындыларды да байқауға қатыстырамыз. Жүлде қоры 2 млн. теңгені құрап отыр. Үздік кинодан бөлек, үздік актер, үздік актриса номинациялары да болады.
Байқауға қатысу үшін өтінімді және фильмнің сценарийін 7 маусымнан 1 шілдеге дейін kinofestival2018@bk.ru және www.zhaslife.kz электронды поштасына жіберу керек. Қосымша ақпарат алғыңыз келсе 87783902890 нөміріне хабарласыңыз.