Бидай еккен шаруалар шығынға ұшырауы мүмкін

747

Шымкентте биыл егістік алқабы 900 гектарға артып отыр. 28 мыңнан аса егістіктің 9 мың гектарына күздік бидай егілген. Былтыр астық түсімі мол болып, шаруалар гектарынан 11 центнерден өнім жинаған. Биыл дихандардың еңбегі қаншалықты өнімді болмақ?

Қос бірдей шаруа қожалығына төрағалық ететін Кеңесалы Қансейіттің қарамағындағы дихандар биыл 245 геткарға күздік бидай егіпті. Былтыр гектарынан 15-16 центнерден өнім алған олар биыл еткен еңбегіміз еш кете ме деп алаңдаулы. Айтуларынша, күзгі, қысқы күн райының қолайсыздығы астықтың пісіп жетілуіне кері әсер етіп отыр.

Бидайдың басы жақсы, сабағы мығым болғанмен, сирек. «Биыл жауаптылар жеңілдетілген жанар-жағармаймен де, тыңайтқышпен де қамтып жарытпады», – дейді шаруа қожалығының төрағасы.

Кеңесалы Қансейіт, шаруа қожалығының төрағасы: «Былтыр алдыңғы жылдары бұл көмектер жергілікті басқармалар арқылы берілетін. Қазір талап, ережелер өзгерген. Жанар-жағармайдың бағасы да өскен. Тыңайтқыштар аз берілді».

Ал шаһардың батыс жағындағы шаруаларға күн райы биыл қарасқан. Жаңбырлы аумақтағы астықтың түсімі айтарлықтай мол болады дейді шаруалар. Былтыр гектарынан 11 центнерден өнім алған дихандар биылғы маусымда 16 центнерге жеткіземіз деп құлшынып отыр.

Рахматулла Төреқұлов, шаруа қожалығының төрағасы: «Биыл екі жерді өңдедік. Былтырғы дәрілер сапасыз шығып еді, биыл берілгендері өте сапалы. Барлық аграрлық шараларды дер кезінде атқарып отырмыз. Бұл маусымда мол өнім аламыз деп үміттенеміз».

Шаһар аумағындағы астықтың жайынан хабардар жергілікті билік өкілдерінің де мол түсімнен үміті бар.

Жәнібек Тоғай, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары: «Биыл жаңбыр жауған алқаптарда астықтың жайы мәз емес. Бұл ауа – райына да, шаруалардың өзіне де тікелей байланысты. Техникасы тапшы дихандар аграрлы шараларды дер кезінде іске асыра алмай қалып, уақыт оздырады. Соған қарамастан астықтың орташа түсімі артады деп үміттенеміз».

Шаруалардың айтуына қарағанда бидай құны соңғы 10 жылда тұрақты. Биыл да дихандар көңілін күпті етіп отырған осы жәйт. Нарықтағы жағдай биыл еткен еңбек пен төккен терді ақтаса игі еді дейді нәпақасын жерден іздеген ағайын.