Бюджеттік қаржыны игермеуді жүйеге айналдырғандармен сабақ өтеді

327

2017 жылға арналған облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері орындалып келеді. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі, ірі және орта кәсіпорындардың саны, дәлірегі, жұмыспен қамтылғандар саны, құрылыс саласындағы көреткіштер төмендеген.

Облыстық бюджеттің шығындарының орындалуына тоқталсақ, былтыр облыс бюджетінің шығыс бөлігінде қаралған 518 млрд. – тан астам теңгенің 99,97 пайызы орындалған. Игерілмегені 158 млн.-ға жуық теңге.

Әбдісамат Оразов, облыстық тексеру комиссиясы басшысының міндетін атқарушы:  «Білім басқармасы 55 млн. теңге қаржыны игермеген, кәсіпкерлік, туризм басқармасы  43 млн. теңге, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы 212 млн. теңгені игермеген. Қаржы басқармасы 14 млн. теңге және құрылыс басқармасы 6,5 млн. теңгені игермеген».

Бюджеттен бөлінген қаржының  игерілмеуінің  басты себептері де айтылды. Ол жоспарлау мен үйлестіру жұмысындағы қателіктер.  Өйткені жыл соңында нысандарды пайдалануға тапсыру үшін бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржыны игеруде асығыстық орын алатыны бар. Мұның өзі күрделіліктер туғызады.

Оңалбай Аяшев, облыс мәслихатының депутаты: «Қаржының игерілмеуіне жол берген басқарма басшыларына қатысты тиісті шара көрілді ме? Олар сонда не қарап отыр? Міндеттерін неге толық орындамайды?»

Мемлекеттік сатып алу конкурсына арзан бағаны көрсетіп, жеңімпаз атану үрдісі тоқтамай тұр. Сапаға және мүгедектерге аса қажетті құрал жабдықтарының пайдалану мерзімі назардан тыс қалып қояды. Басқарма басшылары осы мәселені кезекті рет көтерді.

Мұхит Отаршиев, облыстық жұмыспен қамту, үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Өңірімізде халықтың саны республика бойынша көп болғандықтан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да саны жетерлік. Оларды қажетті құрал жабдықтармен қамту мақсатында қомақты қаржы бөлінуде. Мүгедектерге жақсы арба керек».

Облыс мәслихатының тұрақты комиссиясы мүшелерінің қарауына ұсынылған әр мәселе жіті талқыланды. Нақты шешім алдағы сессияда бекітілетін болып келісілді.