Шылым шегетін шенеуніктер байқауға қатысты

1219

31 мамыр – Халықаралық темекі тартумен күрес күні. Атаулы датаға орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары «Біз темекісіз Қазақстанды қолдаймыз!» атты іс шара өткізді. Шара аясында байқауға қатысып, шылым шегуден бас тартқан шенеуніктер марапатқа ие болды.

Салаутты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары Шәмші аллеясына жиналған тұрғындарға темекінің зиянын түсіндіріп жатты. Шараға қатысқан әрбір азамат наркологтан кеңес алып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, «Өзім үшін, балаларым үшін темекіні тастаймын!» деген атаумен өткен байқаудың жеңімпаздары марапатқа ие болды.

Бұл байқауға шылым шегетін шенеуніктер қатысқан. Сайыстың талабы бойынша мемлекеттік қызметкерлер бір айдың ішінде темекі шегуін тастауы керек. Байқауға қатысып, осы талапты орындағандардың бірі Сарыағаш аудандық әкімшілік қызметкері Рауанхан Әуелбеков. Шенеунік он жылдан бері темекі тастауды армандап жүрген. Байқаудың талабын орындай отырып, ол шылыммен қош айтыстым дейді.

Рауанхан Әуелбеков, байқау жеңімпазы: «Байқауға қатысып жеңімпаз атандым. Мен алғашқыда темекіні қызығушылықпен шегіп жүргенмін. Кейін тастай алмадым. Өзім де тастағым келіп жүрген. Бұл шара темекі тастауыма түрткі болды. Осы сайысқа қатысып темекіні тастап кеттім. Осылайша денсаулығым жақсарады деп ойлаймын. Әрі бала-шағамның дадені сау болады».

Сайысқа қатысқан 12 қызметкердің арасынан үшеуі байқау сынақтарынан сүрінбей алға суырылып шықты. Шылым шегуден бас тартып, үздік атанғандар аудандық әкімдік және мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері. Салаға жауаптылар осындай байқаулар арқылы шылымқорлардың санын азайтпақ. Ал, темекі тастағысы келетін азаматтар үшін дәрігерлер қарапайым ғана бірнеше кеңес береді.

Айта кетейік, бұл іс шара 31 мамыр дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күніне орай өткізілді. Кеш соңында шараға қатысқан азаматтар үшін мерекелік концерт өткізілді.