Журналистер Тұрғын үй құрылыс банкіндегі салымдар бойынша 6-орында тұр

416
inform.kz

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының арасында журналистер алтыншы орында тұр. Бұл туралы Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтау барысында банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылдың алғашқы 5 айы ішінде банк 12912 несие берген. Бұл жалпы Қазақстандағы ипотеканың 80 %-ы десек болады. Тек жұмыс күндерін есепке алсақ, күн сайын орта есеппен шамамен 130 қазақстандық қоныс тойын тойлайды екен. Олардың арасында журналистер де бар. Біздің банктің клиенті атанған журналистер тұрғын үй жинағы жүйесін өз тәжірибелерінен өткізіп, енді біздің отандастарымызға үй алудың қолжетімді жолдары туралы ақпаратты жеткізуге көмектесуде», – деді Ләззат Ибрагимова.

Осы уақытқа дейін 15 жылда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 147 302 отбасына баспана жағдайын жақсартуға көмектескен. Олардың 88 %-ы үйді сатып алуға тырысса, қалғаны үйін жөндеуге алған.

Бүгінде 1 млн 118 мың 525 адам өзінің 546 млрд теңгесін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сақтап отыр.  Бұл – елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың  12,8 %-ы. Бес жыл бұрын аталған көрсеткіш 7,1 %-ға тең болған.