«Астана» циркі Шымкент төрінде шашу шашты

522

«Құрметпен Астана!». Шымкенттіктер тамаша тартуын ұсынған Елордалық өнер ұжымының қойлымын тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Мегаполис балақайларына базарлығын сыйлай келген цирк жұлдыздарының өнеріне тәнті болды.

Елордалық цирк әртістері үш күн бойы шымқалалық көрермендер үшін қызмет етті. Орталық Азияда теңдесі жоқ тың қойылымдарымен қызықтыра білді. Бұл базарлық Астананың 20 жылдығы құрметіне арналып отыр.

Қорлан Бақытқызы, Астана циркінің режиссері: «Орталық Азияда теңдесі жоқ «Қайшылар» қойылымымен ерекшелене аламыз. Никарагуаны тәнті еткен тағы да тың өнеріміз де бар. Шымкенттің көрермендері де жылы қабылдап жатыр».

Сигвейдегі эквилибристер мен қолға үйретілген жолбарыстар, көгершіндер қойылымның көрігін қыздырды. Акробаттар мен қара күш иелері де көрерменін манежге арбай білді. «Жазғы демалыс уақытында шымкенттік балаларға бұл керемет сый болды» дейді қойылымға келушілер.

Базаркүл Бәдіреңова, көрермен: «Мына отырған баланың барлығы менің немерелерім. Барлығымызға ұнап жатыр. Қызық. Рахмет, «Астана» циркіне».

Астана циркінің үш күнгі қойылымына мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балақайлары, балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы шақыртылған. Айта кетейік, Сарыарқа төсінен келген өнерпаздардың өнері шымқалалықтарға тегін ұсынылды. Залда ине шаншар орын болған жоқ. «Алдағы уақытта мұндай бастама тағы да жалғасын табады» деп сендірді ұйымдастырушылар.

Жанар Есенбекова