Астанада «PHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалі өтіп жатыр

397

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, Елордада екінші мәрте «PHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалін ұйымдастырып отыр. Оған шетелдік және отандық 20 кәсіби фотограф қатысуда, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Қытай, Жапония, Франция, Италия, Германия, Англия, Ресей, Армения сынды елдерден келген кәсіби фотографтардың барлығы – әлемге танымал фотосуреттердің авторлары. Олардың арасында Армения Президентінің жеке фотографы Давид Акопян бар. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше суретін түсіріп, әлеуметтік желіде бірден танымал болды. Суретті түсірудің ерекше әдістерімен өз брендтерін қалыптастырып үлгерген мәскеулік Валера және Наталья Черкашиныларды де даралауға тұрарлық.

Бұл жолы әлемге әйгілі фотографтардың обьективіне – Қазақстанның елордасы – Астана ілікпек. Биылғы шараның ерекшелігі – 20 фотограф, нақты 20 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Яғни, 5-8 шілде аралығында шаһардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбетін кескіндеп, дүнижүзіне паш ететін болады.

Шілденің 10-ы күні «PHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалі қорытындыланады. Түсірілген фотоколлекция «Бәйтерек» монументінің алдында «Астана әлем фотографтарының обьективінде» фотокөрмесінде көрерменге ұсынылады.

Айт кетейік, былтыр «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрменің мәдени бағдарламасы аясында «PHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалі тұңғыш рет ұйымдастырылды. Шілде айының 1 мен 7-сі аралығында өткен шараға Ресей, Түркия, Франция, Жапония сияқты әлемнің түкпір-түкпірінен келген және отандық кәсіби фотографтардың танымал фотоколлекциялары ұсынылды. 200-ден астам үздік сурет кітапқа топтастырылып, 2017 жылы, желтоқсанның 11-15 аралығында Тәуелсіздік күні қарсаңында Нью-Йорктегі БҰҰ залында өткен «Қазақстан әлем фотографтарының көзімен» атты көрмеге қойылды. Таңғажайып туындылар шетелдікдіктердің жоғары бағасын алды.