Еңбек Кодексін қайта қарайтын уақыт жетті

504

Еңбек кодексінде жұмысшылардан бұрын жұмыс берушілердің құқы көп ескерілген. Бұл туралы бүгін облыстық кәсіподақ ұйымында Мәжіліс Парламентінің депутаты Фахриддин Қаратаевпен кездесуде айтылды. Мамандардың айтуынша, құқықтық нормаларды қайта қарайтын кез жетті. Бұл жұмысшылардың құқын қорғау үшін қажет.

Парламент Мәжілісінің депутаты Фахридиин Қаратевтың облысқа келуінде өз мақсаты бар. Ол кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысып шықты. Халық қалаулысы өзіне қойылған сұрақтарға жауап беріп, кәсіподақ мүшелері күнделікті бетпе-бет келетін түйіткілдерге де қанықты.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Аймақтарда бой көтеріп отырған мәселелер бір-біріне ұқсас келеді. Сондықтан оларды шешу үшін жүйелі қадамдар жасалуы керек. Менің мақсатым – сіздерді тыңдау, ұсыныстарыңызды жоғары жаққа жеткізу».

Бүгінде зейнетақы аударымдарына қатысты да дау бар. Төлемдерге келгенде салғырттық танытатын жұмыс берушілердің әрекетінен қарапайым жұмысшылар зардап шегіп отыр.

Мұхтар Маналов, ОҚМЗ кәсіподақ төрағасы: «Былтырғы жылы зейнетке 2 қызметкер шықты. Сол кезде жұмыс берушінің төлемдерді уақытылы төлемегені анықталды. Тиісті қаражатты бір жылда бір лекпен аударғаны белгілі болды. Жұмысшы 11 жылдық еңбек өтілінен айырылды. Зейнет жасына жақындағандар осылай зардап шегеді.

Берік Бекжанов, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы: «Кәсіподақ ұйымына 2 млн. адам кірген. Алайда кәсіподақтар құқы заң тұрғысынан әлі де жүйленбей келеді. Заң 2014 жылы қабылданған. Ол жерде көп тұстар нақтыланбаған».
Жасыратыны жоқ, Еңбек кодексінде жұмысшыдан гөрі жұмыс берушінің құқы көп ескерліген. Ал жұмысшылардың көбіне міндеті көрсетілген. Бұл мәселе жан-жақты талдауды қажет етеді. Кәсіподақ басшылары барлық жұмыс берушілер ұжымдық шарт жасауға міндетті. Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдері деген түсінікті алып тастау қажет дейді. Айтуларынша Еңбек кодексінде «Жұмыскерлердің республикалық және салалық бірлестіктері келісімдерде және ұжымдық шарттарда бекітілген жағдайларда және тәртіппен Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды жүзеге асырады» деп көрсетілген.

Алайда Қазақстан Республикасының Үкіметімен «Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды жүзеге асыру ережесін» бекітуді қажет етеді. Бұл ереже Кәсіподақ ұйымдарына еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау жасауға және жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасында келісімшартсыз еңбек қатынастарын анықтауға және оны жоюға өз септігін тигізеді.

Халық қалаулысы бұл ұсыныстардың Парламент деңгейінде қаралатынына сендірді. Фахридиин Қаратев Түркістан облысында жоспар бойынша халықпен кездесу өткізеді.