Шымкентте жаңа зауыт ашылды

860

Шымкентте жаңа зауыт ашылды. «Аспан» сауда белгісінің «Триумф Завод ММС» серіктестігі елімізде тұңғыш рет есік, терезенің барлық қосалқы бөлшектерін шығарады. Бұған дейін есік-терезеге қажетті бөлшектер шетелдерден жеткізілетін. Енді бұл өнімдер өзімізде өндірілетін болды.

Бұған дейін кәсіпкерлер қосалқы бөлшек іздеп, шетел асатын. «Аспан» сауда белгісінің «Триумф Зауыт ММС» ЖШС пластикалық есік, терезеге қажетті барлық қосалқы бөлшектерді шығаратын алғашқы зауыт. Кәсіпорын соңғы үлгідегі Германиялық және Түркиялық технологиямен жабдықталған. Кәсіпорын жылына 6 млн. дана қосалқы бөлшек шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, қажетті өнімді түрлі түске бояп шағарады.

Нұрқасым Ақылбекұлы, «Триумф Зауыт ММС» ЖШС директоры: «Цинк, алюминий, мыс аламыз, содан замак деген материал жасап шығарамыз. Сол замактан құйып жасаймыз. Кішігірім детальді толыққанды сырлаудан өткізіп, қорапқа саламыз. Мұндай өнімді толыққанды шығаратын зауыттар біздің Қазақстанда әзірге жоқ».

Отандық шикізатты ұнтақ күйінде сатып алып, оны өздері құйып, дайын өнім ұсынады. Кәсіпорынның жобалық құны 1 млрд. теңге. Онда қазіргі таңда 60 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның ашылуына алыс-жақын көрші мемлекеттер мен елімізден 200-ге жуық кәсіпкер келді. Олардың арасында Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген бизнес өкілдері де бар. Қазақстандық өнім сапалы, бәсекеге қабілетті дейді олар.

Ибрагим Хасанов, Тәжікстаннан келген кәсіпкер: «Бұл өнімдердің ерекшелігі, біздегі аптап ыстыққа төзімді, әрі суыққа да шыдамды. Сапасы өте жақсы. Қазақстандық өнімдерге бәсекелестік ортада сұраныс жоғары. Бағасы арзан да, қымбат та емес. Біз келісімге келіп, әріптестікті дамытуға ниеттіміз. Енді міне жаңа зауыт ашылып жатыр, енді біз қосалқы бөлшектерді шетелден емес, Қазақстаннан алатын боламыз».
Жыл соңына дейін екінші цех іске қосылады деп күтілуде. Ол кезде өндіріс кеңейіп, жұмысшылар саны екі есеге артады. Зауыт дайын өнімді Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға және еліміздің барлық өңірлеріне шығаруды көздеп отыр.