Түркістан облысында шұбат пен қымыз өндіретін зауыт іске қосылады

507
ontustik.gov.kz

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс орталығында салынып жатқан «Golden camel» қымыз бен шұбат өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-шы қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту міндетін іске асыру аясында қолға алынған болатын.

Өңірдегі сүтті дайындау жөнінде ауыл шаруашылық кооперацияны дамытуға серпін беретін зауыттың жалпы құны 7 млрд. 456,5 млн. теңгені құрайды. Зауыт толық қуаттылығына енгенде тәулігіне 100 тонна түйе және жылқы сүтін қайта өңдеп, өнімнің ұнтағын шығаратын болады. Жоба бойынша алғашқы кезеңде 170 адам жұмыспен қамтылмақ.

Әкімдіктің қолдауымен аталған кәсіпорынға 5,5 га. жер телімі бөлініп, мемлекет есебінен инфрақұрылым бойынша барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта «Golden Cаmеl Group LTD» компаниясының басшылығы осында түйе және жылқы шаруашылығымен айналысуды да көздеп отыр. Қазақстанда теңдесі жоқ кәсіпорын ағымдағы жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады деп жоспарлануда.

ontustik.gov.kz