Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Қарақай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында округтің даму бағдарламасы сараланып, күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы талқыланды.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі шаруаларға егістік жерлерді электронды картаға енгізу жұмыстарының тиімділігін түсіндірді. Рас, соңғы жылдары Елбасының тапсырмасына орай сандық технология ауыл шаруашылығы саласына да кеңінен енгізіле бастады. Әзірдің өзінде шалғайдағы ауылдардың өзі цифрландырудың шарапатын көруде.
«Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында он міндетті белгілеп берген болатын. Соның үшінші бағытында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты жаңа тапсырмалар айқындалған. Соған сәйкес біз ең бірінші кезекте ауданымыздағы егістік жерлердің электрондық картасын жасауды қолға алдық және біз бұл жұмысты жақындағы бір-екі айдың ішінде толық аяқтауға тиіспіз. Сондықтан ауыл округі әкімі шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеп, межеленген міндетті 100 пайыз орындауы керек», — деді Жамантай Қанайұлы.
Қарақай ауыл округінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді электрондық картаға енгізу жұмыстары 64 пайызға орындалған. Яғни 332 шаруа қожалығының мемлекеттік актісі әлі күнге алынбапты. Басты себеп- жер иелері анықталмауда. Десек те, Қарақай ауылдық округіндегі мақта егістігінің 64 пайызы суғарылып бітіпті. Қазіргі таңда шаруаларға жанар-жағармай талондары таратылып, күзгі мақта терім науқанына қызу дайындық жүріп жатыр.
Мақтаның шығымы да былтырғыдан қарағанда жаман емес. Диқандар әр гектардан шамамен 22 центнерден өнім аламыз деп отыр. Алайда қарақайлықтар аудан әкімінен ағын суды 1 – қыркүйекке дейін тоқтатпай тұруды сұранды. Бұдан бөлек, округке ағын су жеткізіп беріп отырған каналдың ұлтанын батпақтан тазарту жұмыстарына қаржы бөлу қажеттігін көтерді. Сондай-ақ, ауылдағы жаңадан салынған жеке үйлерге ағын су, газ тарту, жол салу секілді негізгі мәселелерге аудандық бюджеттен қаржы қарастыру керектігін ескертті.
Жиынды қорытқан аудан басшысы округ әкімі Тамара Ташеваға аталған мәселер жөнінде ұсыныстар әзірлеп, тиісті салаларға құжат тапсыруды жүктеді.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі