Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
«Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды», — деп жазды Руслан Желдібай Telegram-дағы арнасында.
Бүгін таңертең Түркістан облысы ТЖД «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды. Көршілердің айтуынша алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған.
Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда.







