Úı ANONS «Едені төрт елі шөгіп кетті»: Жетісайлық оқушылар қауіпті мектепте оқып жатыр

«Едені төрт елі шөгіп кетті»: Жетісайлық оқушылар қауіпті мектепте оқып жатыр

Жетісай ауданында 10 мектеп жөндеу көрмей тұр. Мамандар ол мектептерде оқу қауіпті дейді. Ал жауапты орындар мәселенің шешілуін ақшаның бөлінуімен байланыстырады.

«Міне көрдіңіздер ма, арғы бет пен бергі бет көрініп тұр жарылғаны соншалық. Кәдімгі қол сыйып кете береді арғы бет пен бергі бетке».

Бұл Түркістан облысы Жетісай ауданы Көрікті ауылындағы 600 орындық мектептің дәл қазіргі жай-күйі. Едені төрт елі шөгіп кеткен. Қабырғаларының жарылған. Төбесінен су кеткен. Мектептің салынғанына 12 жыл болған. Бірақ қазірдің өзінде бірінші қабаты сабақ өтуге жарамсыз деп танылған.

Махамбет Қырбасов, Көрікті ауылының тұрғыны: «Мынау класс ортасы қазандық болып 30-35 сантиметр болып, ортасы кіріп кеткен. Бұл жерде оқушы қалай отырады. Парта, орындықтың барлығы қисайып тұратын тұғын. 45 сантиметрге былай. Бір класс емес, мына төменгі этаждың 90 пайызы осындай».

Тұрғындар әу баста мектеп сапасыз салынды деп налиды. Ал мектеп қызметкерлерінің сөзінше, қазір сынып бөлмелерінде сабақ өту адам өміріне қауіпті. Жарықтан асхана, спорт зал мен 8 сынып бөлмесінде пайда болған. Екі бөлмедегі еденге құйылған бетондарды мектеп қызметкерлері бұзып жатыр. Жергілікті әкімдіктен қайыр болмаған соң, өздері демеуші іздеп, жөндеу ниетте.

Тұрысбек Аппазов, Мектеп директорының орынабасары: » Үш жыл бұрын күрделі жөндеуге қанша сұрағанымызбен мектепке ақша бөлінбеді. Сондықтан біз күдер үзіп, текущий ремонттың өзіне, ағымдағы жөндеуге смета жасалып, ол сұранысымыз да қанағаттанбады. Осындай жағдайға жеттік».

Мектеп әкімшілігі жөндеуге қаражат бөлінбей жатқанына наразы. Мұны назарға алмаса жарылған қабырғалар оқушыларды басып қала ма деп алаңдайды. Аудан әкімдігі мәселе қаражаттың бөлінуіне тіреліп тұр дейді.

ШОҚАН АДАЙБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: «Жөндеу жұмыстары бойынша сметалық есептеме дайындалған, 88 млн 378 мың теңгеге смета дайындалған. Қазіргі таңда арнайы облыстық білім басқармасына бюджет қарау мақсатында ұсынылған. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілетін болады».

Ресми мәлімт бойынша, Жетісай ауданында дәл осындай 10 мектеп бар. Адам өміріне қауіпті болса да мектептер қаражаттың жоқтығынан жөнделмей тұр.

Дилара Иса