“Ескі қалашықтағы» ретсіз саудаға тиым бола ма?

478
Сурет Әл Фараби ауданы әкімдігінің Facebook парақшасынан алынды

Үшінші алып қала атанған Шымкентте қала көркіне көлеңке түсіретін тұстар жетерлік. Заңсыз автотұрақтар, ретсіз сауда, көшеге дейін шығып кеткен сауда қатарлары… Заңсыз саудамен күрес жүргізілмей жатқан жоқ.

Жуырда ғана «Қырғы базар» аумағындағы көлік кептелісін туындатып отырған ретсіз саудаға қарсы «майдан» ашып, ақыры ретке келтірілді. Әрине заңсыздықтардың барлығын бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Кезең кезеңімен қаладағы барлық заңсыз сауда орындары ретке келтірілсе деген үміт бар.

Қаладағы ең ауқымды Әл Фараби ауданында базарлар да, сауда орындары да көп. Сондықтан да болар осы салаға қатысты дау дамайлар жиі орын алады. Мәселен, аталмыш аудан аумағындағы «Ескі қалашықты» нағыз құрылыс заттарын сататын орталық деуге болады. Мұнда іргетастан бастап, шатырын жапқанға дейінгі қажетті барлық құрылыс материалдарын табуға болады.

Әрі орталық болғандықтан бағасы да тиімді. Сол себептен де қаланың әр тарабынан сатып алушылар осында ағылады. Көлік кептелісінен көз ашпайтын көшеден жүргізушілер айналып қашады. Жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдарға дейін құрылыс заттары жаулап алған. Жүру мүмкін емес. Көлік қоятын орын да тапшы. Болса да ақылы.

Басты ауыртар бұл мәселе де жуық арада шешімін табатын сыңайлы. Әл-Фараби ауданы аумағында ретсіз саудамен күрес жалғасуда. Бүгінгі таңда, жол бойындағы ретсіз сауда қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізуіне байланысты, Әйтеке би көшесі «Ескі қалашық» аумағында Әл-Фараби аудандық жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе кезекті рет іс-шара өткізілуде. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай алдағы уақытта мұндай шаралар жиі жиі ұйымдастырылмақ.

Іс-шара барысында Әйтеке би көшесінде орналасқан коммерциялық нысандардың иелеріне ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-бабына сәйкес, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 11 хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, аталған аумақтағы заңсыз ақылы қызмет көрсетіп отырған автотұрақ иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 449-бабына сәйкес 2 тұлғаға хаттама толтырылған. Ақылы автотұрақ белгілері алынып тасталды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде атқарылады.

«Сүріледі екен…» дегеніне бірнеше жылдың жүзі болған аумақ расында ретке келтіруге сұранып-ақ тұр. Көше бойын жағалай орналасқан құрылыс заттар дүкені заң талаптарына пысқырмайтын да сықылды. Одан ары мешітке дейін жалғасқан көлік жөндеу орындарын қосыңыз. Ойдым ойдым жолдардың жыры бөлек әңгіме. Қысқасы «Ескі қалашық» аумағын жаңғырту жұмыстары ертерек басталса деген тілек бар.

Айназ Бейімбет