Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бермек

549

Туа бітті мүгедек балаларға көмек қолын созатындар шақырады. 6 жасқа дейінгі ауыр дертті балаларды емдетуді қолға алғандар- «Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қоры деп аталады. Құрылғанына аз уақыт болса да нәтижелі жұмыс істеп жатқан олар көмекке мұқтаж ата-аналарды іздеп жүр. Қорға қалай хабарласып, қандай көмек көрсете алатынын арнайы баспасөз мәслихаты барысында айтып берді.

Жұмысын бастағанына небәрі екі айға жуық болған қор 18 балаға 5 млн. теңгенің көмегін көрсеткен. Мұнда жәрдем сұрап келетіндердің дені – жалғызбасты аналар. Көптен көмек күткендердің басым бөлігі жылы сөзге зәру. Барған жерінен тауы шағылып, кезегін жылдап күтсе де ем-домына жетпейтін қаржы алғандары да жетерлік.

Баспасөз мәслихатына тағдырдың ауыр сынағына төзіп, жанарларын жасқа шылаған аналар көп келді. Бәрі де көмекке мұқтаж. Арасында қордың шапағатын көргендері де бар. Олар алғысын арқалай жетіпті. Ұйымдастырушылар жақсылықтан үмітті аналарға көмек көрсетуге дайын екенін айтады.

Мәдина Тұрлыбаеваның баласы туабітті мүгедек. Жалғызбасты ананың көмек сұрап бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Бәрінен алатын жауабы көңілін қалдырған. Тіпті, балаға ем қонбайды дегендерді де кезіктіріпті. Ең сорқасы баласынан бас тартуды талап еткендері де бар екен.
Амалы таусылған ана қоғамдық қордың көмегіне жүгініпті. Нәтижесінде 300 мың теңгенің көмегіне қол жеткізген. Жас анаға алдағы уақытта тағы 500 мың теңге көлемінде көмек көрсету қарастырылып жатыр.

Қор ұжымы бұл игі істі жалғастыруды басты мақсат еткен. Сондықтан да көптеген орталықтардан көңілі қалып, салы суға кеткен аналарды кезекке тұруға шақырады.

Жанерке Хумар