Шымкенттегі кейбір мектептер жаңа оқу жылына толық дайын болмай шықты. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің мамандары мәлімдеді. Айтуларынша, биыл күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуі тиіс болатын №30 мектепте әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа оқу жылына дайын емес білім ордасы «Сайрам» шағынауданында орналасқан. Бұл мектепте білім алатын оқушылар мен мұғалімдер енді сол маңдағы өзге де оқу орнына барып сабақ өтуі тиіс дейді мамандар.
Ғабит Нысанов, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Жобалық сметалық құжаттарда қателік кеткен. Нақтырақ айтқанда, жүргізілетін құрылыс жұмыстарында төтенше жағдай қауіпсіздігі қарастырылмаған. Сондықтан құжатты басынан реттеп, мердігер компания қосымша екі мерзім сұрады. Бірақ біз екі мерзім көп болатындығын ескеріп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компанияға бір ай мерзім бердік. №30 мектептегі құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс. Ал оған дейін №30 мектептегі оқушылар сол маңдағы үш мектепке бөлініп, білім алады».
Сондай-ақ, қаладағы мектеп басшылары сынып журналы мен шаруашылыққа қажетті заттарды өз қалтасындағы қаражаттан алуы керек. Өйткені шаруашылық және кеңсе тауарларына қажетті қаржы әлі бөлінбек түгілі, мемлекеттік сатып алу конкурсы да өткізілмеген. Білім басқармасының басшылары мектептегі бұл қажеттіліктерге 60 млн. теңге сұрап отыр. Салаға жауаптылардың сөзінше, аталған мәселе қараша айында өз шешімін таппақ.
Білім бөлімінің мамандарының сөзінше, әлеуметтік жағдайы төмен 9278 оқушыға 138 млн. теңге бөлінген. Тағы да көмекке мұқтаж 600 балаға 22 мың теңгеден көмек берілетіні жөнінде басқарма басшысының орынбасары Айгүл Текебаева айтып өтті. Жалпы 229 білім мекемесі, 133 мектеп, 88 балабақша жылу қуатымен қамтамасыз етіледі екен. Оқулықпен қамтамасыз ету бойынша 1-2-ші сыныптарға 51 млн. теңгеге 33 758 кітап әкелініпті.
Лаура Нақыпқызы