Úı ANONS Түркістанда халықаралық дәліз бойында жаңа сервистік орталық іске қосылды

Түркістанда халықаралық дәліз бойында жаңа сервистік орталық іске қосылды

Түркістан қаласында халықаралық көлік дәлізі бойында автокөлік компрессорлық газ құю станциясы пайдалануға берілді. Енді ірі автобустар мен жүк көліктері осы орталықтан газбен жанармай құя алады. Айта кету керек, жаңа кешен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойында орналасқан. Бұл бағыт Қазақстан аумағындағы негізгі транзиттік жолдардың бірі болып саналады.

Түркістанда автокөлік компрессорлық газ құю станциясы бар заманауи жол бойы сервистік орталығы қолданысқа берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қатысып,  жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталды.

Ол Түркістан облысының әкімдігі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.  Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық таза отынды дамытуға және халықаралық транзиттік бағыттар бойындағы сервистік қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгінге дейін осы метан газ жоқтығының әсері бар еді. Өзбекстанда көбінде метан газбен жүреді. Біз қаматамасыз ете алмай жүр едік. Екінші жағынан бензин мен солярка жағынан салыстырғанда арзан  болады. Біздің бағытымыз бойынша қаладағы автобустарды осы метан газға өткізуді ойлап отырмыз».

Жаңа кешен халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойында орналасқан. Бұл бағыт Қазақстан аумағындағы негізгі транзиттік жолдардың бірі саналады және Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал секілді ірі қалаларды байланыстырады.

Енді ірі автобустар мен жүк көліктері осы орталықтан газбен жанармай құя алады дейді мамандар. Яғни, жаңа станцияның жобалық қуаты сағатына 2000–2400 текше метрді құрайды. Бұл тәулігіне шамамен 250 автокөлік құралын газбен толтыруға мүмкіндік береді.

ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Алдағы уақытта қаламыздың экономикалық дамуына себебін тигізетін болады. Бұл дегеніміз Жібек жолы бойындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі   бойында орналасуының себебі бар. Мұндай газ станциялары жолда үшеу ғана.  Жалпы Түркістан облысына, жалпы сауда-саттықтың бағасына әсерін тигізетін болады. Бұл үлкен елге, елге кіріп шыққан тауарлардыңда бағасына әсерін тигізетін болады».

Жауаптылардың сөзіне сенсек, сығылған табиғи газды пайдалану дәстүрлі бензин мен дизель отынына қарағанда үнемді әрі тиімді. Сонымен қатар ол, атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемін азайтуға ықпал етеді екен.

Нұргүл Жолымбетова