Úı ANONS Жаңа пилоттық жоба: Қоқыс сұрыпталады

Жаңа пилоттық жоба: Қоқыс сұрыпталады

Шымкентте қалдықты бөлек жинау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бастама қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін дамытуға бағытталған. Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта қанша қоқыс контейнері орнатылады?

Шымкентте  Отырар шағынауданына  жабық типтегі заманауи контейнерлер орнатылды. Енді қала тұрғындары қоқыстарды сұрыптап салады. Аталған жоба жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта мұндай қоқыс жәшіктері өзге де аудандарда орнатылмақ. Алғашқылардың бірі болып қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңашылдықты өз көзімен  көріп қайтты.

«Бұл нысан қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинауға арналған және әртүрлі мақсаттағы контейнерлермен жабдықталған. Алаңда аралас қалдыққа арналған бес контейнер және сұрыптап жиналатын фракцияларға арнап тағы үш контейнер орнатылды. Қалдықты дұрыс сұрыптау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін арнайы бақылау пункті қарастырылған. Мұнда үдерісті қадағалайтын жауапты қызметкер жұмыс істейтін болады».
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Аталған бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл заманауи шешім қала тұрғындарының көңілінен шығып үлгерді. Контейнерлер орнатылған сәттен бастап тұрғындардың басым бөлігі бұл бастамаға оң көзқарас танытқан.

ГҮЛМАЙРА ЗАЙНУЛЛИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Мен қолдаймын. Өйткені мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бұрыннан бар. Қарап отырсаң, өте ыңғайлы. Жапонияда да, Кореяда да осындай жүйе жақсы дамыған. Менің ойымша, жастар да, өсіп келе жатқан ұрпақ та біртіндеп үйренеді. Біз де өркениетті елдер қатарына жақындап келеміз»

Айта кетейік, бірінші кезеңде осындай 100-ге жуық контейнерлік алаң орнату жоспарланған. Алдағы уақытта бұл тәжірибе қала бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бұл өз кезегінде қалдықты бөлек жинау мен қайта өңдеудің жүйелі тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді дейді жауаптылар.

Нұргүл Жолымбетова