Түркістандық кәсіпкерлер жергілікті билікке наразы

913

Облыстың орталығына айналған – Түркістанның төрінде тағы да тазалық үшін шу шықты. Бұл жолы туристер емес, кәсіпкерлер наразылығын білдіріп, арнамызға арызданды. Айтуларынша, жергілікті билік қала орталығындағы «Қуаныш» базары, ондағы «Азиз» сауда қатарларын нағыз науқанында әй-шайға қарамай, көшіруге кірісіпті.   

Мариямның – Түркістанда сауда-саттықпен айналысып жүргеніне – 15 жылдан асқан. Несие алып кәсібін дөңгелетуге көшкен келіншек бір жеті бұрын тағы да қомақты қаржы – 500 мың теңгеге тауар әкеліпті. Енді басында қыруар берешегі бар кәсіпкер қазір бұл қарыздарын ғана емес, «Қуаныш» базарындағы мәселеге алаңдайды. Айтуынша, «Азиз» сауда қатарын жоюға бағытталған жергілікті биіліктің бастамасынан шығынға шаш етектен бататын түрі бар.

Түркістандық кәсіпкер Мариям

«Қиын ғой бұл. Ең болмағанда қыркүйекке дейін уақыт беруі керек еді. Бас салып, қуып жатыр. Төленбеген қыруар қарызым мен несиелерім бар. Бала-шағаны жаңа оқу жылына киіндіру қажет. Қалтамыздағы соңғы тиынға дейін осы тауар алуға жараттық! Бізге бұлай жасағаны дұрыс емес қой»,- дейді түркістандық жеке кәсіпкер Мариям.

Бүгінде облыстың орталығына айналған – Түркістанның төріндегі бұл жағдайдың жай-жапсарын жергілікті жұрт әлеуметтік желіге жүктеген. Мәселе бірден қоғамның назарына ілігіп, қызу талқыға түсіп жатыр. Бейнеден байқағанымыздай, қала орталығындағы «Қуаныш» базары, ондағы «Азиз» сауда қатарларын жүйелеу үшін жергілікті әкімшіліктің қызметкерлерімен қатар, қосымша арнайы жасақ жұмылдырылған.

Бірақ, жылдар бойғы қордаланған мәселе – жабайы сауданың көрігін қыздарғандар бұл қадамға келіспей, наразылығын білдірген-ді. Жұмыла шу шығарыпты. Барлығының уәжі бір – сауданың науқанында шеттетілмей, қолдағы тауарын тауысып алу. Десе де, қала билігі рухани шаһардың тынышы мен тазалығы, туризмі және жаңа құрылысын құнттау үшін тиісті жоспардың бекітілгенін алға тартты. Жұмыстың нәтижесі де жоқ емес.

Жандос Тасов, Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі: «Қаланың бас жоспарына сәйкес, Тәуке хан даңғылының бойындағы қызыл сызыққа орналасқан 150-ге тарта жеңіл конструкциялы сауда орындары орнынан алынды. Сонымен қатар, «Сайрам», «Керуен сарай», «Ататүрік» деген базардың аумағында орналасқан көшелердің бойындағы белгіленбеген жерге жайғасқан сауда орындары толығымен жойылып отыр. Әрине қазір Түркістан қаласының статусы өзгеріп, облыстың орталығы болды. Сондықтан, жабайы саудаға жол берілмейді».Сонымен, Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, бүгінде жалпы 600-ге жуық кәсіпкер «Алтын бұлақ» базарына орналасқан. Қалғаны – «Дархан» және «Барлық» базарларына жайғасыпты. Сондай-ақ, жаңа орынға келіп қоныстанған кәсіпкерлер үшін жеңілдік те қарастырылған, яғни, екі ай көлемінде жалға алған орнының ақысын төлемейді.

Мөлдір Бекеева