Түркістандық түлектер ҰБТ-ны қайта тапсырды

469

Бүгін облыс түлектерінің алғашқы легі ҰБТ-ны қайта тапсырды. Бұл ҰБТ мен кешенді тестілеуден шекті баллды жинай алмаған талапкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Облысымызда қайта тестілеуді өткізу үшін 3 базалық ЖОО таңдалған. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті.

Мұнда таң сәріден ғимараттың табалдырығын тосқан сынақ тапсырушылардың қарасы қалың болды. Мәселен, Аяжан Өмірбек қайта тест тапсыруға Жетісай қаласынан арнайы келіпті. Талапкердің арманы екінші кезеңнен сүрінбей өтіп, қалаған ЖОО-ның студенті атану.

Аяжан Өмірбек, талапкер: “Мен ҰБТ-ға қатыстым. Ол жерде биология-химия пәндерін таңдадым. Өкінішке орай, балым жетпей қалды. Сондықтан да екінші рет осы тесті тапсырғалы отырмын. ҰБТ өте қиын болды. Көптеген жаңа сұрақтар,логикалық сұрақтар болды. 50 пайыз өзгерді деп айтқан еді, 82 пайыз жаңа сұрақтар болды. Енді осы тестен өтіп жоғары балл жинап, ата-анамның үмітін ақтағым келеді”.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша ҰБТ-ны қайта тапсыруға 40 мыңнан аса түлек өтініш білдірген. Оның 11-і сұрақтарға ағылшын тілінде жауап беруге ниетті. Түлектер тестілеуге қатысу үшін 2 242 теңге төлеген. Құзырлы органдардың айтуынша, тестің нәтижесі Ұлттық біріңғай тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады. Ал апелляция өтініштері келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданып, бір күн ішінде қарастырылады.

Айя Мүтәлі