Заманауи аялдама: жазда күнге, қыста суыққа қалқан бола ала ма?

881

Қаламыздағы «Оңтүстік» туризм орталығы әлеуметтік желіге заманауи аялдаманың суретін жүктеп, көпшілік арасында сауалнама жүргізуді құп көріпті.

«Сауалнамаға жауап берулеріңізді өтінеміз, ұсыныстарыңызды және пікірлеріңізді осы посттың астында қалдыра аласыздар. Сұрақ: Түркістан облысының туристеріне арналған қосымша сілтегіштер мен аялдамаларды қай жерлерден көргілеріңіз келеді?» делінген.

Аялдама расында көзтартарлық. Ең бастысы ұлттық ою-өрнекпен көмкерілгені ұнады. Аялдаманың бір қабырғасына қаланың картасы орналастырылған. Өңіріміздегі туристік бағыттар да қоса көрсетілген. Туристерге нағыз керекті дүние.

Дегенмен төбесінде күнқағары жоқтығы көпшілікке ұнамаған сықылды. Түрлі пікір қалдырушылар бар. «Өздерің аялдамада тұрып, автобус күтпейтіндерің белгілі. Үстін жабу ойларыңа келмеді ме? Аялдама жаңбырда қалқан, аптапта сая болуы керек емес пе? Шетелден келгендерге Сарыағашқа бару үшін «Колос» дүкенін, ал, Шардараға бару үшін «Самал» автовокзалына бару қажеттігін әзер түсіндіресің» деп пікір қалдырыпты. Одан өзге де өзіндік пікірін жазушылар көп.

«Оңтүстік туризм» орталығының басшысы Олжас Шынтаевпен хабарласқанымызда бұл ешқандай да жоба еместігін, суреттің ғаламтордан алынғандығын, қала тұрғындарының пікірін білу үшін сауалнама жүргізу мақсатында ғана орналастырылғандығын жеткізді.

Бүгінде қаламызда аялдамалардың нешеатасы бар. Шыныдан жасалынған, итальяндық үлгідегісі, темірден жасалғандары толып жатыр. Бірақ бірде біреуі суық мезгілде ызғырықта қалқан болуға жарамайды. Ал сол аялдамалардың бағасы айға ақырып тұр.
Автобустардың аялдайтын орындарына риза тұрғындар жоқтың қасы болар бәлкім.

Жазда ми қайнататын күнгейдің аптабында, қыста қысып беретін аязында минуттап емес автобусты сағаттап күтетіндер аялдамалардың қаншалықты «ыңғайлы» екендігін біледі. Қалқан болып жарытпайтын аялдамалардың жобасын қоғамдық көлікпен жүрмейтіндер жасағаны анық деп бал ашатындар да баршылық. Әсіресе төпеп құйып беретін ақ жауында аялдамаға сыймай жаңбырдың астында қалғандар қала билігіне өкпесі қара қазандай болары тағы анық.

Миллионнан астам тұрғыны бар қала үшін аялдама түйінін тез тарқатуды қажет ететін мәселелердің бірі. Тіпті қаламызда аялдамасы жоқ шағынаудандар да бар. Ал орнатылса да атына заты сай емес. Өткен жылы қаладағы аялдамаларды күтіп ұстауға қазына қоржынынан 22 млн. теңге бөлінген болатын. Оның біраз бөлігіне шаһардың 25 нүктесіне шыны панельді заманауи аялдамалар қойылған. Бірақ мұндай тым жаңа стильдегі аялдамаларға көңілі толғандар шамалы.

Бүгінде Шымшаһарда 1200 ден астам аялдама бар. Қаланың аумағы қаншалықты ауқымды екенін ескерсек, мұның өзі аздық ететіні анық. Ал коммуналшылар болса 300-дей аялдама қажеттігін айтып отыр. Оның өзі де жыртыққа жамау болмасы анық.
Шымкенттік жауаптылар аялдама орнату барысында көпшілікпен санасып, пікірін тыңдаса деген тілек бар…

Айназ Бейімбет