Түркістан — облыстың орталығына айналғалы алғаш дүниеге келген — үшемнің құрметіне, ата-аналарына үйдің кілті табыс етілді. Баспана бір емес, бес бөлмелі. Осы орайда, біз де Келес ауданы, Бірлік ауылындағы жанұяның үйіне арнайы бұрылып, отбасының қуанышын бөлісіп қайтып едік.
Үйдің отағасы Дәуірбек пен Аяжанның осыған дейін де 3 ұлы бар-тын. Енді олар 6 баланың ата-анасы атанды. Үшемнің есімдері — Төреәлі, Фатима мен Зәуре.
Аяжан Төленді, үшемнің анасы: «Перзенттерімнің жағдайы қазір жақсы. Шүкір! Әр апта сайын салмағы мен бойларын өлшеп, қадағалап тұрамыз. Тамаққа деген тәбеттері де жақсарып келеді».
Дәуірбек Түктібаев, үшемнің әкесі: «Баспаналы болдық! Бұл — біз үшін үлкен қуаныш. Бұған дейін, бауырларым, бәріміз бір үйде тұрдық, жеке шаңырағың болғанына ештеңе жетпейді ғой. Енді міне, ата-енем де қолымызға келді. Бақыттымын!»
Қазіргі уақытта сәбилерге ауданнан арнайы медбике келіп, қарайды. Олардың саулықтары үнемі назарда екен. Ал ауыл ақсақалдары мен тұрғындары нәрестенің бауы берік болуын тілеп, қонысына құт келсін деп, жанұяға көрімдік сый-таралғысын тапсырып жатыр.