Қытайға елімізден азық-түлік экспорты 30% өсті

475
фото Хабар 24

Отандық тауар өндірушілер әлемдегі үлкен нарықтарды игерумен келеді. Мәселен, Қытай еліне ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау көлемі 30 процентке өсіп, 100 млн доллардан асты, деп хабарлайды 24.kz.

Қытайлық тұтынушыларды көбіне қай тауар түрі қызықтырады және жергілікті кәсіпкерлерге алып елдің нарығына ену оңайға соға ма? Қытай нарығын игеру Қазақстан үшін кедергілерден өтіп жүгіру спортымен пара-пар десек, артық айтқандық емес. 1,5 млрд халқы бар алып мемлекет түрлі квоталар мен лицензиялардан қамалдай тұтас жүйе құрып алды. Және осы жүйенің талабына сай келу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алайда отандық Ауыл шаруашылығы министрлігі «асықпаған арбамен қоянды алар» деген қағидатты ұстанса керек, баяу да болса дұрыс бағытпен жүріп келеді. Бүгінде 11 келісімге қол қойылып, жергілікті компаниялар үшін қытайлық тұтынушыларға жол ашылды.

Ілияс Досқожаев, ҚР АШМ департамент директорының міндетін атқарушы: «Қытай нарығын бәріне бірдей қолжетімді деуге келмес. Өйткені ірі нарыққа қай тарап болсын үлкен қызығушылық танытары сөзсіз. Осыған байланысты Қытай Халық Республикасы ішкі нарығы мен отандық кәсіпкерлерін қорғау үшін түрлі тарифтік тетіктерді қолданып келеді».

Әзірше Қытайға экспортталып жатқан өнімдердің ішінде өсімдік майы мен дәнді-дақылдарды атауға болады. Жаңа келісімдер сондай-ақ мұздатылған қой еті мен жемшөп сатуға да мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда арпа мен жүгері сапасын тексеруші қытайлық инспекция жұмыс жасап жатыр.

Азамат Забеков, ҚР АШМ комитет басқармасының басшысы: «Бүгінде отандық кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қызмет етіп келеді. Ал одақ талаптарында халықаралық стандарттарға негізделген межелер көп болмаса, аз емес. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қытайға тауар экспорттау бағытын ұстанып отыр».

Қазақстандық Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл соңына дейін сиыр және доңыз еттерін де экспорттау туралы келісімге қол қоюды көздейді. Артынша аспан асты еліне отандық жеміс-жидек пен көкөніс жеткізуді жоспарлап отыр.