2019 жылы жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есеге азаяды – Елбасы

491
inform.kz

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есеге азаяды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын. Сіздер жазда өңірлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен жетік таныстыңыздар. Халықты не толғандыратынын, қандай мәселелер бар екенін көзбен көріп, біліп келдіңіздер. Ол барша қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы қызметтеріңізге қажет. Кезек күттірмей қолға алынуға тиісті маңызды жұмыстар қазірдің өзінде жеткілікті. Қос палатаның бірлескен отырысында басымдықтарды айқындап, бірден іске кірісуіміз керек. Стратегиялық нысана бәрімізге белгілі. Ол өзіміз қабылдаған 2050-ші дейінгі стратегияның негізгі алдыға қойған мақсаты 30 елдің қатарына қосылу – біздің айнымас межеміз. Дәйекті саясат пен кешенді шаралар жүргізіп, мақсатты түрде алға басып келеміз», – деді Елбасы.

Осы ретте Мемлекет басшысы бес әлеуметтік басымдықты жария еткенін, Парламент пен Үкімет бірлесіп, жұмыс істеп, оны жүзеге асыруға қажетті барлық заңнамалардың алғашқы шарттарын жасағанын айтты.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер беріле бастады. Қосымша 20 мың білім гранты берілді. 70 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық аяқталды, кей өңірлерде басталды. Жаңа жылдан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есеге азаяды. Жеке іс бастауға берілетін несиелер көлемі 62 млрд теңгеге көбейді. Сарыарқа газ құбыры құрылысына дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Осылайша мен жариялаған әлеуметтік жаңғырудың тағы бір бағдарламасын іске асырудың барлық негізі қаланды. Осыны бақылап, уақытында іске асыру бағытында жұмыс жасаумымыз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.