«Салма Караван» шипажайын құзырлар назарға алды

622

Сарыағаштағы түрлі топтағы мүгедектер ем-дом алатын «Салма Караван» шипажайын құзырлар назарға алды. Демалыс орнындағы жағдайды көрсеткен материалымыздан кейін Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының бұйрығымен шұғыл арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсына тапсырыс беруші басқарма мен тәуелсіз сарапшылар – қоғамдық ұйым өкілдерінен құрылған топ шипажайды түгелдей тексеріп шықты.

Сала басшысының бұйрығымен құрылған комиссия тілшілер назарына іліккен ем-дом шаралары мен ғимараттың жайлылығы, емделушілердің ас мәзірі, төсек жабдықтарына дейін түк қалдырмай тексерді. Мұнда қазір арнайы жолдамамен 200-ден аса емделуші тиісті ем-дом шараларын жүргізуде. Шипажай өкілдері оларға 23 түрлі медициналық қызмет тегін көрсетіледі дейді. Оның ішінде кез-келген сауықтыру орындарында табыла бермейтін магнитті-квантты лазер, тубус, аэрозолды ингаляция, парафинді емдеу, тюбаж, микроклизма, минералды ванна сияқты шипалы процедуралар да қарастырылған. Шипажайда қазір 6 дәрігер және 20 орта медициналық қызметкер жұмыс атқаруда.

Шухрат Абдрашитов, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы: «Басқарма басшысының бастамасымен құрылған комиссия өз жұмысын аяқтады. Біз келісім шартта көрсетілген барлық техникалық ерекшеліктерді тексеріп, талапқа сәйкес екенін анықтадық. Себебі, тексеру барысында 1 бөлмеде келісім-шартта көрсетілгендей 3 мүмкіндігі шектеулі азаматтан артық адамдар ем қабылданбайды өйткені бөлме ғимараттарының шаршы метр көлемдерінің өзі оған мүмкінді бермейді. Келісім-шартқа техникалық ерекшелік бойынша 23 емдеу іс-шараларын құрайды, сондай-ақ 1 бөлмеде 3 емделушіден көп болмауы туралы және 5 мезгіл тағам түрлері ұсынылуы қажет болатын».

Сексеннің сеңгіріне шыққан – Еңбек ардагері, Шымкент қаласының құрметті азаматы Аппаз Досқараевтың мұнда емделіп жатқанына бірнеше күн болыпты. Шипажайға қан қысымы көтеріліп, ұйқысы бұзылып мазасызданып келген қария қазір тәуір болғанын айтады. Өңірдің дамуына үлес қосу үшін бел жазбай еңбек еткен атай мұндағы жасалған жағдайға көңілі тоқ.

Аппаз Досқараев

Аппаз Досқараев, Еңбек ардагері: «Шипажайдың ғимаратынан-ақ мұндағы сапалы қызметке көз жеткізуге болады. Біз қажетті барлық ем-дом шараларын алып жатырмыз. Дәрігерлер де тым жақсы. Керек жағдайда кез-келген уақытта ұшып келіп қызмет көрсетеді. Суы да ауасы да керемет. Тамақтары да жақсы».

Мүгедектер мұңына бей-жай қарай алмаған жауаптылардың қатарында тәуелсіз сарапшылар да бар. Олар мұнда көрсетілетін қызметтердің талапқа сәйкестігіне мән беріп қана қоймай, әрбір науқастың жай-күйіне де үңілді.

Вадим Торопов, Шымкент қаласындағы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мені комиссияға тәуелсіз сарапшы ретінде шақырды. Мүгедектер жайына қанығу үшін олармен жеке дара әңгімелесу жүргіздік. Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік тапсырыс аясында қаралған ем шараларының барлығын да алып жатқандарын айтады. Ғимаратта тиісті ем-домды алуға барлық жағдай қаралған».

«Салма Караван» шипажайынде биыл 1 жарым мыңнан аса адамды сауықтыру көзделген. Ол үшін 145 млн теңге қаралыпты. Әр адамның бір күндік ем алу құны 9560 теңгені құрайды. Бұл қаржы мемлекет есебінен төленеді. Яғни, мүкіндігі шектеулі жандар қалталарынан қаржы шығармайды.

Әлжан Жамиров, «Салма караван» шипажайының атқарушы директоры: «Біздегі ас мәзірінде диабеттік тағамдар қаралған. Асқазан ішек жолдарын емдеу кезінде осындай тағам түрлері тиімді болмақ. 360 орынға лайықталған асханада күніне қант диабетімен ауыратындарға 6 рет, өзге науқастарға 5 рет тамақ беріледі. Шипажайда қазір 6 дәрігер мен 20 медбике жұмыс істейді. Лифт мәселесі бір ай ішінде шешіледі. Қазір біз қызмет көрсететін мекемемен келісім-шарт түздік. Қаражаты да қаралған».

Жауаптылар тапсырыс беруші мекеме ретінде өзге де шипажайларда емделіп жатқан мүгедектердің тиісті ем-дом шараларын тараптар арасында түзілген келісім шартқа сай жүргізіліп жатқанына көз жеткізу үшін тиісті тексерулер жүргізіп отыратындарын айтады. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 8 мыңнан астам мүгедекті сауықтыруға 881 млн теңге қаралып отыр.

Жариялау ақысы төленген.